ОҚО әкімі Түркістан қаласында салынған жаңа емхананың лентасын қиды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы сапармен Түркістан қаласында болып бірнеше әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы алдымен Түркістан қаласына қарасты Шорнақ ауылдық округінің орталығындағы ауысымына 100 науқас қабылдайтын емхананы ашты.«Облысымызда соңғы бес жылда 200-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды, 100-ден астам нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, жыл сайын медициналық құрал жабдықтар жаңартылып,  жабдықталу көрсеткіші 65 пайыздан асып отыр. Биылғы жылы облысымызда 34 нысан салынып, іске қосылады. Сол нысандардың бірі – Шорнақ ауылындағы емхана. Осы емханада жұмыс атқаратын медицина қызметкерлері жаңа ғимаратта ауруды алдын алуда, емдеуде сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Жаңа емхана құтты болсын ағайын, халық игілігіне пайдалансын!»-деді әкім.

Салтанатты түрде ашылған Түркістан қалалық емханасына қарасты Шорнақ ауылдық емханасы бүгінгі заманауи үлгіде, жаңа талаптарға сай салынып, жасақталған. Бұрынғы ауылдық кішігірім ескі емхананы жаңарту мақсатында, сондай-ақ, ең өзекті мәселенің бірі – халық денсаулығын жақсарту үшін бой көтерген бұл жаңа ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталған болатын. Бүгінде 231 млн. теңгеге салынған емхананың ғимараты заман талабына сай жабдықталған. Емxана ғимаратының құрылысын А.Бердаш басқаратын мердігер ТОО «Ас Строй» жүргізген.

Шорнақ ауылдық емханасы күніне 100 тұрғын қабылдауға арналған. 2 қабатты емханада 51 бөлме мен 8 төсек орынды күндізгі бөлімі бар. Емханада жұмыс атқаратын  61 қызметкердің 7-еуі дәрігер, 37-сі мейірбике, 17-сі кіші қызметкер.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*