Бүгінде ОҚО-да «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы 107 нысанға жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылы Шымкент қаласының инфрақұрлымын дамыту мақсатында 14,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 2016 жылы құрылысы басталған 9 нысанды аяқтауға 1,6 млрд теңге жұмсалмақ. 83 көше орташа жөндеу және 12 аяқжол салу жұмыстарына 970,8 млн бағытталған. Ең маңыздысы – қаладағы 4 жолайрықтардың құрылысына жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. Десек те, Шымкент қаласындағы 19 нысанның құрылысы созылып, мерзімінде аяқталмай, пайдалануға тапсыру мерзімі кешігуі анықталып отыр. 19 нысанның 13 нысаны 2015-2016 жылдардан өтпелі болса, 6 нысаны 2017 жылы басталған. Бұған себеп өте көп. Көбінде жобалау-сметалық құжаттамалар дайындау үрдісі кешеуілдеп, мемлекет мұқтажына қайтарылатын жер телімдерінің мерзімінің созылуы қолбайлау болып отыр. «Құрылыстың кешеуілдеуіне кедергілер өте көп. Соның бірі – жабалау-сметалық құжаттама әзірлеу үрдісі. Бұл құжатты әзірлеуге 4 ай уақыт кетеді. Сондықтан шетелдік тәжірибені пайдаланып, әзірлеу жұмыстарын заманауиландыру қажет. Осы ретте мен түркиялық әріптестердің тәжірибесін пайдалануды және өзімізде қолданысқа енгізуді тапсырамын. Тіпті қажет болса, семинар-тренингтер өткізіп, құрылысқа жауапты мердігерлердің де жауапкершілігін арттыруға тиіспіз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиын барысында қаламыздағы Қонаев даңғылын батыс бағытына қарай дамыту әрі аспалы көпірлер мен жолайрықтардың сапалы әрі тиімді болуы тапсырылды.
Пікір қалдыру