ОҚО тұрғыны өз қолымен үш бірдей ұшақ құрастырған

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Спатаев ауылының тұрғыны Сансызбай Оспанов өз қолымен үш бірдей ұшақ құрастырған деп жазады el.kz сайты. Сонау 1980 және 1988 жылдар аралығында екі ұшақты қолдан жинап шығарған екен. Оның алғашқысын Украинадан арнайы келген азамат аттай қалап, сатып алыпты.«Өздері «қолыңыз алтын екен, дәл зауыттан шыққандай, бізге сатыңыз, қанша сұрасаңыз да береміз» деп қолқа салды. «Қаншаға бағалайсыздар?» деп өздерінен сұрадым. Бес мың сом ұсынды. Ол кезде көп ақша. Жетпіс сом айлық алатын едім. Ал бес мың сомға су жаңа «Москвич» көлігін сатып алуға болатын еді. Үйленіп, үй болған кезім. Баспана тұрғызуға ақша керек болған соң, келістім», – дейді ол.Жалпы Сансызбай Оспанов, Камчатка түбінде өзі бала күнінен армандаған қарулы әуе күштерінде 2 жыл  әскери борышын өтепті. Барлық жағынан жоғары нәтиже көрсетіп, үздік болған көрінеді.  Соның арқасында 1979 жылы Мәскеудегі авиациялық институтында оқуға жолдама алған. Оқу орнын 1985  жылы үздік аяқтап, Ташкент қаласындағы авиация зауытында жұмыс істеген. Кейіннен Шымкентке келіп әуежайда 18 жыл инженер-техник қызметін атқарған. Сонда жүріп жалақысының 10-15 пайызын ұшақ құрастыруға қажетті керек-жарақтарды сатып алуға бөлген. Осылайша асай-мүсейін сайлап алып, жұмыстан соң немесе демалыс күндері күн ұзақ моделін ойланады, сызады, касетаны қосып қойып видео қарайды, сөйтіп жүріп алғашқы ұшағын құрастырып шығады.

Ал 1995 жылы жасаған соңғы ұшағы үйінің ауласында тұр. Көңіл хошы келгенде Сансызбай ағаның ұлы Асылжан ұшақты оталдырып, жақын маңды шарлап қайтады. Алайда, қазір  аға екі қанатын алып, кем-кетігін жөндеп жатыр екен.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*