Ұлы дала ұландары домбырада ойнады

Шымкентте «Біз Ұлы дала ұландарымыз» атты домбырашылар флешмобы өтті. Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері мен оқушылары адам көп шоғырланған «Шымкент Плаза» сауда орталығында қазақтың бірнеше күйін орындады. Мәдени іс-шара 1 желтоқсан – тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған.

50-ге жуық домбырашы күмбірлете күй тартқанда оларға тамсана да таңырқай қарағандар көп болды. Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Балбырауын», Сүгірдің «Бозінгенін» бір деммен, ерекше леппен тартып, жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қолдап, қайта-қайта күй сұрағандар да табылды.

Жалпы, жыл сайын домбырашылар флешмобын өткізу зияткерік мектебінің оқушылары үшін дәстүрге айналған. Өйткені білім ошағында «100 күйдің тарихы» атты жоба бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында өткенді ұмытпай, бүгінгіні ұлықтауға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып отырады. Айта өтейік, аталған флешмоб бір мезетте Қазақстанның барлық облысындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылды.

Қазақтың қара домбырасын көлденең ұстаған жастар келесі жылы да жаңа өнерлерімен таңқалдырмақ жоспарда.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*