Шымкент 2030 жылы қандай қала болады?

Қала әкімі Нұрлан Ермекұлы БАҚ өкілдерімен кездесу барысында көпшіліктен Шымкенттің 2030 жылы қандай қала болатыны туралы болжамдарын сұрады. Жауап ретінде түрлі нұсқалар айтылды – жанға жайлы қала, мәдениетті қала, жастарға, туристерге арналған қала…

«Жанға жайлы қала атауы кез келген шаһарға қатысты қолданылатыны белгілі. Бірақ, Шымкент қандай болуы тиіс? Қаламыз өзіне ғана тән сипатында болуы тиіс. Сіздер жастарға арналған дедіңіздер, ол да мүмкін. Туристік қала – бұл да дұрыс, дегенмен, ол үшін туристерге қажет жағдайдың барлығын жасауымыз керек».

Нұрлан Ермекұлы Шымкенттің алдағы уақытта дамуы туралы сұраққа да жауап берді:
«Жақын болашақта біздің негізгі 3 нысанымыз болатынын айта аламын. Олар: Шымкент-сити, әуежай және цитадель – үлкен тарихи ескерткіш. Атқарылар жұмыстан ең алдымен көгалды аймақтар құрылады, яғни, гүлзарлар мен саябақтар. Және «Ақылды қала» жобасы да ұмыт қалмайды. Бұл – ауқымды жоба, бұл – болашақ».

Кездесу еркін өтті. Жиналғандардың әрқайсысы болашақтағы жұмыс туралы өз пікірін еркін білдіріп, көкейлеріндегі мазалап жүрген сұрақтарын да қойды. Соңында барлығы да Шымкенттің жарқын болашағы үшін әкімдік пен бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыла жұмыс істеуі маңызды деген пікірге келді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*