Шымкентте Елбасы тапсырмасы орындалмаған. Әлде Әбірахымов мүгедектерді адам қатарына қоспай ма?

Шымкент қаласы әкімінің «Түркістан» сарайында өткен халық алдындағы жылдық есебінде Арман есімді мүмкіндігі шектеулі жан, мүгедектерді жұмысқа тұрғызу жөнінде Ғабидолла Әбдірахымовтан ақпарат сұрады.

«Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа тұру мәселесі бар. Сол жайында кішкене ақпарат беріп, қандай мүмкіншіліктер бар соны толығырақ айтып берсеңіз» -деп сұрады Арман.

Байқасаңыз, әкім жауап беруге аса қиналатындай сұрак емес. Біз тіпті, «алдын-ала дайындалған сұрақ шығар. Қазір Ғабидолла Рахматоллаұлы, былтыр пәленбай мың мүгедекке жұмыс тауып беріп, үйттік-бүйттік деп мақтана бастайтын болар»- деп ойлағанбыз. Десе де, қала басшысы осы бір сұраққа нақты ақпар айтып, жауап бере алмады.

«Енді, мүмкіндігі шектелген азаматтарға менің айтатыным, біз қолдан келген нәрсенің бәрін сіздерді жұмысқа орналастыру үшін, мынау қоғамдық өмірге қатысып жүру үшін бәрін жасаймыз, арнайы өзіміздің жол картамыз бар. Бұл мәселені біраз жылдан бері мүмкін біраз артқа тастап кейін шешеміз-кейін шешеміз деп жүргенбіз. Ол кінә біз жақтікі деп ойлаймын. Бұл мәселе бойынша Гүлжан Мамытовна біз арнай бір жиналыс өткізейік, осы біздің азаматтарымызды шақырып, ақылдасып, не қажет, бірінші кезекте не қажет, екінші кезекте не қажет соның бәрін біз этап-этап бойынша шешіп отырайық»,— дейді Ғабидолла Әбдірахымов.

Бір қызығы, Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі Ғабидолла Рахматоллаұлының өткен жылы атқарған жұмысы жөніндегі есебі жайлы журналистерге таратқан баспасөз хабарламасында да мүгедектермен жұмыс жөнінде бірде-бір ақпар жоқ. Жазылмаған!

Расында қала әкімдігі мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесін күні бүгінге дейін кейінге шегеріп келген бе? Бұл бағыт бойынша бірде-бір жұмыстың атқарылмағаны ма? Елбасы осыдан 6 жыл бұрын, яғни 2013 жылы ел үкіметіне мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесін шешу туралы тапсырма берген болатын.  Осы 6 жыл ішінде мүкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі өзектілігін жойған жоқ.  Ол әлі актуалды болмаса, қол арабада отырған жігіт бұл сауалды әкімге іші пысқаннан қоймаған болар? Сөйте тұра, Шымкенттің әкімі проблеманы кейінге шегерерді де, халық тарапынан сұрауы келгенде, «қателік бізден» деп кешірім сұрай салады. Шымкентті 3 жылдан астам басқарған Ғабидолла Әбдірахымовқа бұл мәселені кейінге шегеруге үкімет басы рұқсат берді ме? Елбасы ма?

Ал, Елбасы өзінің Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ атты Жолауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу, олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін қадап айтқан болатын. Әбдірақымовтың мүгедектерге көңіл бөлу деңгейін байқаған боларсыздар? Бұдан ұққанымыз, Шымкентте Елбасы жолдауы мен тапсырмасы орындалмай, жайында қалған болып тұр ғой. Президенттің тапсырмасын кейінге шегеріп жүрген әкім, мүмкіндігі шектеулі жандарды да адам қатарына қаспайтын да болар бәлкім?

Айтпақшы, ел арасында «қаланың қазіргі әкімі Шымкентті өз меншігіндей көреді» деген қауесет есіп жүр. Алғашында сенбегеніміз рас. Әбдірахымовтың мына сөзінен кейін ойланып қалдық…

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*