Шымкентте жаман індеттен айыққан 2 науқас үйіне шығарылады

Жер жүзіндегі күллі адамзатты үрейге бөлеп, мыңдарды мына өмірмен қоштастырған короновирусты жұқтырғандардың саны бүгінде Шымкентте 31 адамға жетті.

Қала басшылығы аты жаман індеттің алдын-алу жұмыстарын өз уақытында бастағанымен, сыртта жүрген шымкенттіктердің вирус жұқтырып ауруханаға түсуі шаһар жұртын алаңдатқаны анық. Өйткені, жаман індетке шалдыққан бір жерлесіміз бақилық болды. Десе де, қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері белгіленген хаттамаға сай, науқастарға ем жасап, вируспен күрес жұмыстарын күшейткен. Ақ халаттылардың жүйелі жұмыстары нәтежиесіз емес. Бұл жөнінде Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова мәлімдеді.

«Өкінішке орай, Шымкент қаласында жаман індетті жұқтырған 31 науқастың біреуі қайтыс болды. Ал, екі науқас індеттен айығып, үйлеріне шығарылып жатыр. Қалған 28 науқастың ішіндегі екі науқас ғана жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған 26 науқастың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда»- деді ол.

Айта кету қажет, жансақтау бөлімінде жатқан екі науқас та Түркістан облысының Жетісай ауданы мен Кентау қаласынан денсаулығының күрт нашарлап кетуіне байланысты Шымкентке арнайы тік ұшақпен жеткізілген. Олардың да денсаулығында оң өзгеріс бар. Себебі, олар қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілгенде арнайы құрылғының көмегімен демалса, қазір ол құрылғыдан ажыратылған. Мамандардың айтуынша, науқастардың беті бері қарап келеді екен.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*