Шымкент қаласының Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов «Ескі қала» шағын ауданы арқылы өтетін Қонаев көшесін ұзарту мақсатында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Айта кету қажет, мұнда жолға қажетті тұрғын үйлердің дені сүріліп, топырағы алынып, тас төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жауапты басқарма өкілі құрылыстың бекітілген кесте бойынша жүріп жатқанын айтады.
«Біз Қонаев көшесін ұзарту үшін жүріп жатқан бірінші құрылыс учаскесінде тұрмыз. Ұзындығы 580 метрді құрайтын бұл аумаққа қазынадан 725 миллион қаржы қаралған. Биылға дейін 101 миллион теңге игерілді. Осы жылы тағы 200 миллион теңге бөлініп отыр. Қалған қаражат алдағы уақытта берілетін болады. Қазір кәріз жүйесі мен электр бағаналарын, газ жүйесін алу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Мұнан бөлек, бұл жердің топырағы құрылысқа жарамсыз. Сондықтан топырағын алып тас төсеп жатыр»,- дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиев.
Пікір қалдыру