«ДАРА ҰРПАҚ» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫНЫҢ «ЖАРЫҚ» МЮЗИКЛІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында инклюзивті бағыттағы тұңғыш «Дара ұрпақ» театры өз жұмысын бастады. Театрдың ашылу салтанатында ерекше қажеттіліктері бар балалардың қатысуымен «Жарық» мюзиклінің премьерасы сахналанды.

«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жаңа өнер ұжымының ашылуымен құттықтады.

– Бұл – жай ғана театр емес, өнер мен жігер тоғысқан мүмкіндіктер алаңы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ерекше балаларға қолдау көрсету бағытында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Инклюзивті бағытта ашылған бұл театр ерекше қабілетті балалардың талантын танытып, өнерде тең мүмкіндіктер қалыптастырады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы биыл облыстағы кәсіби 3 театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық премьера көрерменге ұсынылғанын атап өтті. Ол «Дара ұрпақ» театры да биік белестерді бағындыратынына сенім білдіріп, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.

Театрдың құрылтайшылары – әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов бұл қойылым жүректен туған өнер мен үзілмеген үміттің көрінісі екенін атап өтті.

«Жарық» мюзиклі қатысушыларды таныстыратын бейнероликпен басталып, әсерлі сахналық көріністермен жалғасты. Қоларбамен билеген бишілер, ерекше балалардың өнері, сондай-ақ сурет байқауындағы үздік жұмыстар көрерменге ұсынылды. Сахнада ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, көру және есту қабілеті шектеулі 70 талантты бала өнер көрсетті. Қойылымға облыстың театр әртістері мен жас өнерпаздары да қолдау білдіріп, бірге өнер көрсетті.

Қойылым соңында барлық қатысушылар «Өмір сүр» әнін орындап, сахнаны ерекше жарық әсерімен көмкерді. Шара соңында облыс әкімі өнерпаздармен естелік суретке түсіп, сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, өңірде 15 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Облыста 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істеп, 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар Түркістанда заманауи оңалту орталығы ашылып, ерекше балалар мен жастарға арналған «Сауран» спорт клубы табысты жұмыс атқаруда. Клуб спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*