ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІК МОДЕЛІ – ТАТУЛЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Түркістан қаласындағы жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі – елдегі көпэтносты қоғамның бейбітшілігі мен келісімін қамтамасыз ететін маңызды аймақтық көріністердің бірі. Бұл модель Қазақстанда қалыптасқан мемлекет құраушы қағидаттарды, яғни татулық, өзара құрмет және этносаралық келісімді басшылыққа ала отырып, Түркістан өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасымен ұштасып дамуда. Тарихи сабақтастық пен рухани келісімге негізделген бұл жүйе елдің тұрақтылығын нығайтуда тиімділігін дәлелдеп келеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған сәттен бастап азаматтық татулықты күшейтуге үлкен үлес қосып, қоғамдық келісім саясатының берік институционалдық тірегіне айналды. Мемлекет басшысы Ассамблеяның жаңа жағдайда елдегі саяси реформаларды іске асыру барысындағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның пікірінше, «Біз әртүрліміз — біз теңбіз» қағидаты қазіргі саяси жаңғырудың басты элементіне айналған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жұмысының үш негізгі басымдығын белгіледі. Соның бірі – саяси реформаларды іске асыру барысында Ассамблеяның рөлін күшейту. Мәжілістегі Ассамблея квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарын жаңаша қалыптастыруға ықпал етсе, Ассамблеядан ұсынылатын Сенат депутаттары этникалық топтардың мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Президент бұл рәсімнің ашық әрі әділ болуына ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Бұл талаптар жаңартылған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңда көрініс табуы тиіс.

Партиялық және сайлау жүйесіндегі өзгерістер азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, жаңа партиялардың құрылуына жол ашады. Бұл үдерістер Қазақстанның этникалық құрамын шынайы көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы этносаралық тақырыпты саясиландыруға және арандатушылыққа жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті.

Қазақстан – сан түрлі этностардың тарихи тағдыры тоғысқан унитарлы мемлекет. Бұл этностарды ортақ мүдде төңірегіне біріктіруде Ассамблея маңызды рөл атқарады. Тәуелсіздік жылдары елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өз тілін, мәдениетін дамытып, ұлттық болмысын сақтауға мүмкіндік алды. Мұның бәрі елдегі татулық пен тұрақтылықтың жемісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағытты одан әрі күшейтіп, ұлтаралық келісімнің басты алаңына айналды.

Ассамблеяның сессиялары жыл сайын елордада өтіп, алдына қойылған мақсат-міндеттерді нақтылайды. Өткен сессияда Мемлекет басшысы қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтаудың маңызын айта отырып, бейбітшілік пен рухани келісімнің ел дамуы үшін басты құндылық екенін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, келісім – тек қоғамдық құндылық қана емес, сонымен бірге экономикалық және саяси қауіпсіздіктің де негізі. Сол себепті келісім мәдениетін ұрпаққа мұра етіп қалдыру – бүгінгі буынның жауапты міндеті.

Ассамблеяның ең басты мақсаты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту. Татулық пен тұрақтылық, әрине, ең алдымен мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқына қажет. Қазақ бірлігі мен оның төңірегіне топтасқан этностардың ынтымағы – ел дамуының басты кепілі.

Түркістан өңіріндегі жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі осы құндылықтарды нақты өмірде жүзеге асырып, өңірді тұрақтылық пен келісімнің аймақтық орталығына айналдырып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*