Тәуелсіздік жылдарында Түркістан қаласы тек тарихи-мәдени орталық ретінде ғана емес, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тұжырымдамасын дамытуда да өзіндік үлеспен ерекшеленуде. Қалада рәміздер мен отаншылдыққа бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, жастар мен тұрғындардың бойында елдік сананы қалыптастыруға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асты. Түркістанда Мемлекеттік Туды көтеру, Елтаңба мен Әнұранды құрметтеуге арналған салтанатты шаралар мен республикалық акциялар белсенді түрде ұйымдастырылды. Осындай шараларда әрбір азаматымыз Әнұранды шырқап, Көк туды құрметтесе – жарқын болашаққа жол ашылатыны хақ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рәміздер мен елдік құндылықтарды қадірлеу мәселелерін сөз еткен маңызды тұжырымдарымен бөлісті. Мемлекет Президенті Мемлекеттік рәміздер еліміздің егемендігін, тарихын және бірлігін бейнелейді деп атап, «Мемлекеттік рәміздер – біздің тәуелсіздігіміздің басты белгісі, олар біздің мемлекетіміздің мәртебесін әлемге паш етеді. Сондықтан әр азамат рәміздерімізді құрметтеп, олардың маңызын түсінуі тиіс» деген ойды жиі қолдап келеді.
Түркістан қаласы Президенттің елдік және рухани құндылықтарды нығайтуға қатысты бастамаларын орындап, тарихи әрі мәдени мұраны сақтауда маңызды рөл атқарады. 2025 жылы Президент Тоқаев Түркістан қаласына арнайы мәртебе беру туралы заңды қолдап, оны рухани-тарихи, мәдени және туристік орталық ретінде одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл шешім қаланың рәміздер мен тарихи дәстүрлерді сақтауға бағытталған жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Түркістан қаласының әкімі Азимбек Пазылбекұлы рәміздерді қадірлеу және ұлттық мәдениетті насихаттау мәселелеріне ерекше көңіл бөлетіні баршаға мәләм. Әкімнің айтуынша, «Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – тәуелсіздігіміздің белгісі және ажырамас бөлігі. Оларды құрметтеу – әрбір азаматтың борышы, ол біздің келешек ұрпаққа патриоттық тәрбие беру арқылы елдік бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді». Әкім осы бағыттағы мерекелік жиындарда жастарды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға, елге қызмет етуді қастерлеуге шақырып, рәміздердің маңыздылығын күнделікті өмірде көрсету қажеттігін түсіндіруге бастамашы болып жүр.
Қала тұрғындары мен жастар арасында ұйымдастырылған акциялар рәміздерге деген құрметті күшейтіп қана қоймай, ұлттық рухани құндылықтарды тануға мүмкіндік береді. Республика күні мен Мемлекеттік рәміздер күнінде Түркістандағы «Рәміздер» алаңында Көк байрақты көтеру салтанатты рәсімдері өткізіліп, қалың көпшілік қатысып, ағартушылық сипаттағы тілектер айтылуда.
Түркістан қаласының әкімдігі мемлекеттік рәміздерді қадірлеу саласында жүйелі жұмыстар жүргізіп, патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде іске асыруда. Бұл жұмыстар ел бірлігін арттыруға, жастардың Отанға деген құрмет сезімін қалыптастыруға және Қазақстанның тарихи бірегейлігін терең түсінуге ықпал етуде.
Пікір қалдыру