Түркістан қаласында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және этносаралық қатынастардың қазіргі ахуалын талқылауға арналған маңызды мәжіліс ұйымдастырылды. Қалған жылдардағы өңірдің әлеуметтік-саяси дамуы мен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған шараларды саралауды мақсат еткен жиынға қаланың негізгі басқарушы органдары мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысты. Мәжіліске Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыс прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов төрағалық етті.
Басқосуға Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев, сондай-ақ қала активі, жергілікті атқарушы органдар мен бөлім басшылары қатысты. Қатысушылар қаланың демографиялық өсімі, этносаралық ахуал, әлеуметтік қолдау бағыттары және қоғамдық тұрақтылықты сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі талқылады.
Қазіргі таңда Түркістан халқының саны 242 мыңнан асып отыр. Тұрғындар құрамында 20-дан астам этнос өкілдері бар, бұл өз кезегінде қаланың әлеуметтік және мәдени өмірінің көпқырлылығын көрсетеді. Этносаралық келісімді сақтау – тұрақты әрі жүйелі жұмысты талап ететін маңызды міндет. Осы бағытта әкімдік пен қоғамдық ұйымдар жыл бойы түрлі шаралар мен мәдени іс-шараларды бірлесіп өткізіп келеді. Бұл бастамалар кикілжіңдердің алдын алып қана қоймай, халықтың өзара түсіністігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жиында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Түркістанның этнодемографиялық және әлеуметтік ахуалы жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Ол қаладағы халық санының артуы инфрақұрылымдық жүктемені күшейткенімен, әлеуметтік қолдау мен қоғамдық бірлікті нығайту бағытындағы жүйелі шаралардың оң нәтижелерін атап өтті.
Әкімдік пен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде жыл сайын әлеуметтік осал топтарға нақты көмек көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, 50-ге жуық отбасы тұрғын үймен қамтылып, 100-ден астам отбасына азық-түлік себеттері табысталады. Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында 500 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар жеткізілуде. Бұл шаралар әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қаладағы этносаралық үйлесімділіктің жарқын үлгісіне айналып отыр.
Жиын барысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қоғамдағы татулық пен келісімнің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тұрақтылық – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
«Бүгінгі мәжілісте айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлер тиісті мекемелердің жұмыс жоспарларына енгізіліп, нақты іс-шаралармен бекітілуі қажет. Біздің ең басты байлығымыз – ел бірлігі, татулық пен өзара сыйластық. Тәуелсіздік жылдары халқымыз жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мақсатқа – еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етіп келеді. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз, ең асыл қазынамыз», – деді қала басшысы.
Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық – мемлекеттің дамуындағы шешуші фактор. Бірлік бар жерде береке, түсіністік бар жерде тыныштық болатынын атап өткен әкім Түркістанның көпмәдениетті құрылымын қаланың басты ерекшелігі әрі мақтанышы ретінде бағалады.
«Қаламыз – түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысқан ордасы. Бұл ерекшелігіміз – біздің мақтанышымыз, әрі болашаққа жол ашатын құндылық. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – осы татулықтың туын биік ұстап, келер ұрпаққа бейбітшілік пен бірліктің жарқын үлгісін қалдыру», – деді қала әкімі.
Мәжіліс қорытындысында барлық қатысушылар Түркістан қаласындағы қоғамдық тұрақтылықты нығайту, этностар арасындағы өзара сыйластықты арттыру және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Пікір қалдыру