Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің жетекшілігімен өткен кезекті аппарат кеңесінде қала тіршілігіне тікелей әсер ететін бірнеше өзекті бағыт қамтылды. Жиында жылыту маусымының ахуалы, күнделікті коммуналдық мәселелер, қаланы басқаруда цифрлық деректер мен жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ туризм саласын жүйелеу жайы сөз болды.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерасыл Серіктің айтуынша, жылыту маусымы басталғалы бері қалада 91 апатты жағдай тіркелген. Алайда олардың барлығы дер кезінде жойылып, тұрғындар тарапынан шағым түспеген. Қаңтар айында газ жеткізуге уақытша шектеулер болғанына қарамастан, 3-Энергоорталық пен коммуналдық қызметтер тұрақты режимде жұмысын жалғастырып келеді. Қала тұрғындарына жылу беру бойынша ешқандай шектеу жоқ.
Биыл Шымкентте 75 шақырымнан астам жылу желісін жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар қазандықтар, сорғы станциялары және жылумен жабдықтау нысандары кезең-кезеңімен жаңғыртылады. «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде цифрландыру жұмыстары жалғасып, электронды құжат айналымы енгізіліп, өндірістік процестер автоматтандырылуда.
Ал цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов қалада цифрлық экожүйенің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Shymkent Hub» алаңында ауқымды білім беру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, Freedom Telecom компаниясымен бірлесіп, жасанды интеллект бағытындағы «AI LAB» зертханасын іске қосу жоспарланған.
Қаланың ақпараттық жүйелерін «QAZTECH» бірыңғай платформасына көшіру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бұл бағытта мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға түсіндіру шаралары жүргізілген.
Кеңес барысында «Smart Shymkent» жобаларының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Нәтиже көрсеткен бастамалардың қатарында дрон инфрақұрылымы бойынша пилоттық жоба, инсультті ерте анықтауға арналған «CEREBRA AI» жүйесі және жасанды интеллект негізінде пациенттерге автоматты қоңырау шалатын жүйе бар. Ал тиімділігі төмен деп танылған кейбір жобалар уақытша тоқтатылды.
Пікір қалдыру