Түркістан облысында он айлық сәби короновирус инфекциясынан айықты

Түркістан облысында короновируспен ауырған 10 айлық сәби емделіп сауығып шықты. Түркістан облысы Жетісай ауданында туған​ нәресте туберкулезбен ауырған. Он айлық сәби Жетісай ауданынан облыстық фтизиопульмонология орталығына туберкулез ауруынан емделуге жатқызылған. Тексеру барысында баладан COVID-19 инфекциясы анықталған. Кви тестілеуі оң нәтиже көрсеткен сәбиді дәрігерлер​ шұғыл​ Леңгір қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізген. Мұнда екі апта бойы ем қабылдады. «Білікті дәрігерлердің коронавирус індетін шұғыл түрде анықтап, дер кезінде емдік шара көрсетуінің арқасында науқас сәбидің өміріне еш қауіп жоқ. Сәбидің науқас азаматпен қарым-қатынаста болған,»- деп мәлімдеді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Дәрігерлердің айтуынша, өкпенің 2 бірдей қауіпті дертпен зақымдалғаны он айлық​ бала өміріне үлкен қауіп төндірген. Қазір нәресте COVID-19 инфекциясынан емін толығымен аяқтап, қайта тестілеу талдамасының «теріс» болуына байланысты облыстық фтизиопульмонология орталығында туберкулезге қарсы емін жалғастырып жатыр.
«Өкпе ауруына ұшыраған азаматтар онсыз да әлсіз келеді. Науқастарды барынша Сovid-19 инфекциясынан қорғауға тырысамыз. Барлық сақтық шаралары қамтамасыз етілген. Ауруханада​ тіпті коронавирусты ерте анықтау мақсатында арнайы вирусологиялық зертхана қызмет көрсетеді. Зертхана соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Мамандарымыз оны жақсы меңгеріп, халыққа көрсетілетін​ медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда,»-дейді Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Болатхан Сағымбеков.​
Айта кету керек, Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін коронавирус індетін 1 жасқа дейінгі 10 бала жұқтырған. Олардың сегізі жазылып шықты. Екеуі инфекциялық госпитальдарда ем қабылдауда. Жалпы, өңірде​ коронавирустық инфекцияның расталған 400 жағдайы тіркелген. Дәрігерлердің арқасында 257 науқас дертінен жазылып шыққан.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*