ҚАЛА ӘКІМІ ЦИРК ҒИМАРАТЫН ЖӨНДЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ

Цирк өнері — ат құлағында ойнап өнер көрсету, айтар ойды ыммен білдіріп, түрлі дене қимылдарымен жұртты күлдіру, қуақы, әзіл-әжуа сөздермен көпшілік көңілін көтерумен танылса, заман ілгері дамып, әлем жаһанданып цирк өнері аса білімділік пен ептілікті талап етеді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптылармен бірге «Шымкент циркте» болып, ғимараттың қазіргі ахуалымен танысты.
Циркке жылына 90-100 мың көрермен келеді. Бүгінде шығармашылық ұжымның репертуар қорында 22 бағдарлама бар.
Штаттағы 11 бөлімде 55 әртіс, 22 эстрадалық оркестр, 10 музыка және жарықпен сүйемелдеуші, өзге де техникалық қызметкерлер жұмыс істейді.
Қала әкімі сала басшыларына ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге кедергі болып отырған 3,1 гектар жер телімін пайдалану құқығына қатысты өзекті мәселелерді тез арада шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
2011 жылғы 17 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып саналатын Шымкент қаласында типтік жобада салынған 1200 орынды «Оңтүстік — Цирк» МКҚК ашылып ел игілігіне берілген болатын. 2018 жылдың 19 маусымда шымкент қаласының құрамына өтті.
Цирк өнерін насихаттау, алыс-жақын жерлерде халыққа көңіл-күй сыйлау мақсатында 800 орынды жылжымалы Шапито циркі жұмыс жасауда.
Шымкент-Циркі 12 жылдың ішінде біршама жетістіктерге жетті. Мәселен, 2012 жылы «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне қатысып, «Файер шоу» бойынша ІІІ-орынды иемденген болатын. 2015 жылы «Шабыт» ХVIIІ халықаралық шығармашыл жастар фестивалінен «Мачта» І- орынды алды, 2016 жылы «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестивалінен «Канат» ІІ- орынды, 2016 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы VII «Менің Қазақстаным» ән байқауының І-орын жүлдегері — Д.Хашимханова, 2016 жылы Қытай Халық Республикасы Хэнань провинциясының Лоян қаласында өткен ІІІ акробатикалық фестивалінде О.Касаткиннің жетекшілігіндегі әуе акробаттары І-орынды иемденген. Осы сынды түрлі байқаулар мен жарыстарда цирк өнерпаздары өнер көрсетіп Шымкент қаласының мерейін көтеріп келді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*