«РЕВИЗОР» ШЫМКЕНТКЕ КЕЛДІ

«Ревизор» Шымкентте! Иә, классика жанрының асыл қазынасы бүгін Шымкент қалалық орыс драма театрында сахналанып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Ревизор» қойылымы араға 10 жыл салып, Шымкент қалалық орыс драма театрында қайта сахналанды. Классикалық шығармалар театрда сахналанғанда заманауи туындыға айналып кететіндей. Ондағы кейіпкерлердің әрбір әрекеті мен мінезі — бүгінгі қоғамның бейнесін суреттегендей күйге жетелейді.
Театрдың көркемдік жетекшісі Анатолий Петриченконың айтуынша, «Ревизор» классикалық үлгіде саханаланған. Бүгінде өзекті тақырыпқа айналған жемқорлық, шендіге бас ұру сынды адамдардың бойындағы кемшіліктерді суреттеген. Бұл бүгінгі қоғамда «сыбайлас жемқорлық» деп те аталып жүр.
— Театр репертуарында мұндай спектакльдер болуы тиіс. Себебі, классика ескірмейді. Осы сахнада 10 жыл бұрын мен Хлестаковты сомдаған болсам, бүгін Городничийді ойнап шықтым. Он жыл ішінде қойылымдағы актерлік құрам толығымен ауысты. Бүгін Хлестаковты – Никита Аусвакс, Городничийдің әйелі Анна Андреевнаны – Олеся Жукова, оның қызы Марья Антоновнаны Анна Пастарнак сомдады. Біздің қайта жаңғырған қойылым көрермен көңілінен шығады деген үміттемін, — дейді А.Петриченко.
Гогольдің өзі «Ревизор» қойылымы алғаш сахналанған кезде-ақ түпкі тақырыбы ар-ождан екенін айқындап берген. Ол қойылым соңындағы шынайы ревизордың әрекетімен суреттелген-ді. Ал, қалған кейіпкерлер біздің жан дүниеміздегі құмарлық іспетті. Сондықтан кейіпкерлердің әрекетін айыптап, күлмес бұрын, өзімізге мұқият үңілген жөн.
Ұзақ үзілістен соң көрерменімен қайта қауышқан «Ревизорды» шымкенттік театралдар, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің және қалалық мәдениет басқармасының өкілдері тамашалады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*