Д.САТЫБАЛДЫ ҚЫТАЙҒА САПАРЫНДА ТҮРКІСТАННЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді. Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Түркістан облысы әкімінің Қытай мемлекетіне сапары Суйчжоу қаласымен жалғасты. Қала мэрі Ке Кемен кездесіп, Суйчжоу қаласы мен Түркістан облысының достық қарым-қатынас және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференциясына қатысты. Бизнес-форумда екі елдің кәсіпкерлері арасында B2B форматында жиындар  өтті.

Сапар нәтижесінде Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөліседі. Басқосуда жаңа жобалар таныстырылып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Суйчжоу қаласының басшысы жаңа бастамалардың сәтті боларына сенім білдіріп, екі жаққа да тиімді бірлескен жобалардың артуына күш салатынын жеткізді.
Бизнесін таныстырған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сауда қатынастарын орнатып, инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді. Тек экономиканы дамытуға ғана емес, мәдениет, туризм, білім саласын дамыту тетіктерінің қарастырылатынын айтты.
–  Бүгінгі таңда елдеріміздің шекарасы арқылы 5 тұрақты пункт, 5 трансшекаралық мұнай және газ құбыры, 2 теміржол желісі және халықаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істейді. Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енгеннен кейін екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етпек. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді,– деді Дархан Сатыбалды.
Хубэй провинциясының «Солтүстік қақпасы» саналатын Суйчжоу табиғи қазба байлығымен атақты. Қаланың жоғары технологиялық индустриалды паркінде алуан түрлі өндіріс орны орналасқан. Өндіріс аймағында 500-ден астам шағын және орта бизнес шоғырланған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*