«ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҚ» ҮЗДІКСІЗ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ ДАЙЫН

Түркістан облысынының орталығы Түркістан қаласы мәдениет пен туризмнің орталығына айналып келеді.  Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері өңірге жалпы 500 мыңға жуық адам келген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қалаға келушілердің саны 104,0%-ға өскенін көреміз.
2024 жылы Түркістан қаласы «Түркі әлемінің туристік астанасы» мәртебесіне ие болды.
Киелі шаһарда құрылыс қарқын алып, туристік нысандардың саны да артып келеді. Өңірде туризм саласын дамытуға басымдық берілген.
Туристерге қызмет көрсету саласын дамыту бағытында үшжақты меморандум аясында «Туристік ақпараттық орталық» қайта құрылып, өз жұмысын бастады. Орталықта келушілерге тарихи және мәдени ескерткіштер туралы нақты ақпарат беріліп, гидтік қызмет көрсетіледі. Мұнда бірнеше тілді (қазақ, орыс, ағылшын және т.б) жетік меңгерген білікті мамандар жұмыс істейді.
Айта кетейік, Түркістан қаласына келген зиярат етуші және туристер саны 2023 жылдың 6 айлық көрсеткіші бойынша 394 мыңға жуық адамды құраса, биыл ол көрсеткіш 39,1 пайызға артып, туристер саны 647 мыңнан асқан. Ал киелі шаһарға келген шетелдік туристердің саны 2024 жылдың 6 айында 12 мыңға жуық адамды құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 58,4 пайызға артып отыр.
Түркістан қаласында орналастыру орындарының саны да артып келеді. Биыл олардың саны 56-дан 62-ге жеткен.
Түркістан облысына аралауға келген туристерге қайда баруға болатынын, сондай-ақ тарихи орындардың бастыларына шолу жасап өтейік.
-Түркістанның бойтұмары саналатын Қ.А.Ясауи кесенесі – өңірге туристердің тартатын негізгі нысанның бірі. Ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші саналатын тархи ғимарат 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына тұрғызылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер көп. Жалпы 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 метр.
-Түркістанға келген туристер міндетті түрде Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі кіріп, дұға етіп шығады. Себебі, Арыстан баб — Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы. Сондықтан болар, «Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле!» деген ел ішінде де тәмсіл сақталып қалған.
-Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде Хантағы жотасы бар. Аты айтып тұрғындай мұнда ханның тағына ұқсас тау орналасқан. Ел аузындағы аңыз әпсаналарға сүйенсек, елді билеген хан түсінде ажалының қарақұрттан келетінін көреді.
-Ақмешіт үңгірі Бәйдібек ауданында орналасқан. Ұзындығы 254, ені 65, биіктігі 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді.
-Түркістан облысындағы 1000 жылдық тұт ағашы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында өсіп тұр. Ағаштың түбі қурап кеткенімен, төбесіндегі бұталары бүгінде жапырақ ашқан. Жергілікті тұрғындар оны «Мәжарат тұт» деп атайды. Биіктігі 8-9 метр болатын ағашқа 6 адамның құшағы әзер жетеді.
-Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені орналасқан. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды. Кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталып, 2021 жылы пайдалануға берілді. Аумағы 20,5 гектар.
-Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы Дала Елі» орталығында алтынмен апталған Тақсай ханшайымының көшірмесі сақталуы тұр. Қазақстанда табылған 4 алтын адамның бірі саналатын құнды жәдігерді қала тұрғындары мен қонақтары «Ұлы Дала Елі» орталығынан тамашалай алады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*