ТҮРКІСТАНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Қазақстанда азаматтардың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын. Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіргенін айта кеткен жөн. Бұл оларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Өйткені олар ұлттық жоба аясында бюджеттік қаржыландыруда басымдыққа ие.

Өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды шаралардың қажеттілігі бірнеше факторлармен айқындалды.

Ұлттық жобада көрсетілгендей инженерлiк инфрақұрылым — адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай туғызатын кәсiпорындардың (ұйымдардың), объектiлердiң (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы. Түркістан қаласының өсіп-өркендеуі жолында халыққа жайлы жағдай жасау мәселесі алғашқы орында тұратыны бүгінгі заманның талабы екені белгілі. Осы тұрғыда қала және облыс әкімдігі өз тараптарынан тиісті жұмыстарды үйлестіруде. Тіпті Түркістанның түрленуі мемлекет басшысының назарындағы мәселе екенін де ұмытпауымыз керек. Оған Премьер-министр Ә.Смайыловтың шаһарға жиі табан тіреуінен аңғаруға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен екінші Құрылтайда: «Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дауларға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді», — деген болатын.

Ұлттық жоба бұған дейін үш мемлекеттік бағдарламада (өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту) болған бағыттарды біріктіреді. Мемлекеттік бағдарламалардан айырмашылығы, ұлттық жобалардың форматы неғұрлым ықшам, талдаусыз, бірінші кезекте бюджеттік қаржыландырумен қамтамасыз етілген нақты іс-шаралар. Күтілетін нәтижелер ұлттық жоба кестесіне сәйкес тиімділік көрсеткіштерімен өлшенетін болады. Ірі қалалардың шеттерін ретке келтіру, нөсерлі кәріздерді қайта жаңғырту, «ескі кварталдарды» жаңарту және апатты (тозған) тұрғын үйлерді бұзудың өзекті мәселелері де шешуді талап етті. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымының әлсіздігі экономикалық өсуге айтарлықтай кедергі болды. Осыған байланысты Ұлттық жобаны екі бағытта жүзеге асыру туралы шешім қабылданды: Негізгі қызметтерге деген қолжетімділік; көлік байланысын қамтамасыз ету.

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*