ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ӨНДІРІСТІК ПАРКТІҢ ЖҰМЫСЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Облыс әкімінің қолдауымен инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Түркістан облысының Сауран ауданында «Өндірістік парк» құрылысы жүргізілуде. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және жалпы көлемі 66 мың мың ш.м. құрайтын парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. Жалпы Өндірістік парктің құны 13 млрд. теңгені құрайды және оның құрылысы аяқталғанда 1 теңге бюджеттік қаржыға шамамен 7,5 теңге жеке инвестиция тартылуы күтілуде. Қосымша 70 га жер телімі анықталып, ұлғайту жоспарлануда. Маңызды жоба Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда. Өңір басшысы құрылыс барысын бақылап, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Өндірістік парктер аумағында әкімшілік ғимаратын салу да жоспарда бар. Ғимаратта парк қатысушылары өндірген өнімдерінің көрме залы ұйымдастырылатын болады.
Ауқымды құрылыс «Түркістан» әлеуметтік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Маңызды жоба 3 кезеңмен жүзеге асырылылады. Бірінші кезеңде 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 23 мың шаршы метр қолданысқа берілді. Бір ғимараттың жалпы ауданы 1 584 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі таңда 6 жоба іске асырылып 30,7 млрд. теңгеге инвестиция тартылған және 550 жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Қазіргі уақытта Өндірістік алаңында жұмыс жасап жатқан бірқатар кәсіпкерлер бар. Елімізде алғаш ашылған су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» ЖШС кәсіпорны осында орналасқан. Жалпы инвестиция құны 11,1 млрд.теңгені құрады. Түркістандық 100 тұрғын жаңа жұмысқа орналасты.
«Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны 3,1 млрд.тг, 100 жаңа жұмыс орын) мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын өндіретін кәсіпорны, украиналық «UBC Group» компаниясы (инвестиция құны 10 млрд.тг, 350 жаңа жұмыс орын) өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін кәсіпорны парк аумағында өз жұмыстарын бастап жатыр. Бұдан бөлек, медициналық өнімдер, бөлме аралық есіктер және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар да жұмысын бастауда.
Ауқымды құрылыстың екінші кезеңінде осы жылы жалпы аумағы 25 мың шаршы метр болатын 12 ғимарат салу жоспарлануда. Аталған ғимараттарға инвесторлар іріктелініп алынды, құрылысы аяқталған соң 1000 жаңа жұмыс орны ашылады (инвестиция құны 32,3 млрд. тг).
Ал үшінші кезеңде, 2025 жылы 14 ғимаратты іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлер инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарына қызығушылық танытатыны күмәнсіз.
Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*