Биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында аймақ басшысына тұрғын үй туралы соңғы мәліметтер баяндалды.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, өткен жылы, өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалану жоспарланып, жыл қорытындысымен жоспар 104,1% өсіммен орындалды. Бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған.
Бүгінгі таңда, 1890 пәтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарға кредиттік жүйемен табысталды. Жетісай қаласында 60 пәтер кезектегі осал топтағы азаматтарға берілді. 2023 жылы басқарма тарапынан жалпы көпқабатты 50 үй тапсырылды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы ауданы 18,7 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй (297 пәтер) пайдалануға берілді.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің жағдайы мен құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтты.Өткен жылы 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтсақ, 12 қабатты 2 үй, 7 қабатты 2 үй. Аталған 4 тұрғын үйде барлығы 237 пәтер бар. Оның ішінде ипотекамен берілетін 201 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы конкурс өткізіліп нәтижесінде, 76 пәтердің иелері анықталған. Ал қалған 125 пәтер сатылымға шығарылды. 36 пәтер кезекте тұрған отбасыларға берілетін болады. Биыл құрылыс бөлімі тарапынан 2023 жылға жаңадан тұрғын үйлер құрылысы бойынша жоба әзірленіп, Әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 800 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Жиналыста тұрғын үйлерде анықталған кемшіліктер бойынша арнайы мониторинг тобы құрылып, ақаулық актісі түзілгені жайлы да аталып өтті. Қазіргі таңда көрсетілген кемшіліктердің біршама жұмыстары орындалып, мерзімінде қалпына келтірілмегендерін бақылау жөніндегі басқармаға шара көруге және Түркістан облысы экономикалық сотына талап-арыз жолданды.
2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің тұрғын үй құрылысы нысандарының кемшіліктері негізінде 14 мердігерге шара көру бойынша Түркістан облысының Бақылау жөніндегі басқармасына хат жолданған. Нәтижесінде, басқарма тарапынан мердігерлерге 11 716 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.Облыс әкімі тұрғын үйлердің құрлысы туралы соңғы мәліметтермен танысып, жауапты басшыларға құрлысты белгіленген кестеге сәйкес, сапалы аяқтауды тапсырды.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 6 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс орталығына айналған Түркістанда 6 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген. Түркістан облысында 6 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар.
Түркістанда тұрғын үй саласына инвестиция көзі күшейді. Себебі өңірде тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салуды көздеп отыр. Сонымен қатар, дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастылады. Инвестиция аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеді.
Пікір қалдыру