Халықаралық Жастар күніне орай, қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың қатысуымен шаһардың белсенді жастарымен кездесу өтті.
Кездесу барысында жастар көкейдегі сауалдарын қойып, түрлі тақырыптар талқыланып, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
— Бүгін өздеріңізбен Жастар күні мерекесі аясында кездесіп отырмыз. Қазіргідей заманда жастарымыз тек еңбекпен, біліммен ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Бұл ретте, жаңарған Түркістан – жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Таяуда қаламызда Жастар орталығы ашылды. Енді осы Жастар орталығында өрендеріміз өз-өздерін дамытып, білімдерін шыңдаулары қажет. Біз жастарды әрдайым қолдауға дайынбыз, — деді Мекенхан Қозыханұлы.
Жиында өз ұсынысын айтқан қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әлия Піржанова ата-баба мұрасын сақтау, балаға отбасы құндылықтарын ұғындыру мақсатында жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жандандыру керектігін жеткізді.
Статистика бойынша қалада 14-35 жас аралығындағы 71 486 жас болса, оның 66 439-ы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқиды және тұрақты жұмысы бар.
Биыл шаһардағы талантты жастарды қолдау және уақытын тиімді пайдалану мақсатында шаралар күшейтіліп, 37 кездесу өтті. Олардың бірі — ұлттық өнерімізді ұлықтайтын «Домбыра party» музыкалық додасы. Сондай-ақ, «Абай оқулары», «Буккроссинг» кітап алмасу шарасы ұйымдастырылды. Ерікті жастармен бірге 20 сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қала жастары полиция басқармасымен бірлесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары мен түнгі рейдтік тексеріс шараларын жүргізіп келеді.
Пікір қалдыру