ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы бойынша жиын өтті.
Жиында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жедел саты бойынша қызмет көрсетуші мекемелердің жұмыстары, сондай-ақ, шешімін таппай келе жатқан мәселелер талқыланды.
Жалпы Түркістан қаласы аз уақытта қанатын жайып, өркендеп келе жатқан қала. Құрылысы қарқынды, тұрғын үйлер саны көбейіп келеді. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында №11-ші көшенің бойындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Тұрғын үй кешенінде жалпы 5 қабатты 24 үй тұрғызу жоспарланған. Биыл 5 қабатты 15 үйдің құрылысы аяқталып, 1314 пәтер кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қалған 5 қабатты 9 үйдің құрылысы 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Онда 766 пәтер бар.
Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы, облыстық құрылыс басқармасының мамандары тарапынан қатаң бақылауға алынған. Мердігер мекемелер қатарында «Корпорация Бастау» ЖШС, «ЕвроРемонтСервис» ЖШС, «Жаңа арна құрылыс» ЖШС, «Symkent Build» ЖШС, «PANA QURYLYS GROUP» ЖШС, «ОТАР ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, «Integra construction KZ» ЖШС бар. Ал авторлық қадағалаушы – «Mataibekov Architects» ЖШС.

Айта кетейік, өңірде биыл жалпы 224 тұрғын үй (2 469 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың басым бөлігі – көпқабатты тұрғын үйлер.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*