WTM London 2024 халықаралық көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ильясов Түркістан облысының павильонына келді.
Шара барысында Елші аймақтың осындай беделді көрмеге қатысуының маңыздылығын атап өтіп, бұл Түркістанның туристік әлеуетін ілгерілету үшін тамаша мүмкіндік екенін айтты.
Мағжан Ильясов сондай-ақ туризм саласында халықаралық серіктестермен жаңа әрі нәтижелі қарым-қатынастар орнатуға ниет білдіріп, туристік инфрақұрылымды дамыту және аймаққа инвестициялар тарту үшін тәжірибе алмасудың маңызды екенін атап өтті.
— «Түркістан облысының WTM London 2024 көрмесіне қатысуы ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашады және өңірдің бірегей мәдени және тарихи мұрасына назар аударуға мүмкіндік береді», — деді Елші.
Айта кетейік, WTM London 2024 — әлемнің түкпір-түкпірінен келген туризм саласының өкілдерін жинайтын ең ірі халықаралық туристік көрме. Биыл көрмеге Қазақстан Республикасының атынан Түркістан облысы белсенді қатысуда. Аталған көрмеде «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС, Түркістан облысының Туризм басқармасы мен Түркістан қаласының әкімдігі аймақтың бірегей туристік әлеуетін ұсынуда.
Пікір қалдыру