
2025 жылдың 22 мамырынан бастап елімізде алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған кең ауқымды «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны бастау алды. Бұл бастама еліміздегі балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіз және қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау, сондай-ақ қоғамның назарын балалық шақтағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған.
Науқан «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» ұранымен ашылып, Қазақстанның барлық өңірлерінде балаларға арналған мәдени-танымдық іс-шаралармен жалғасты. Мұндай форматтағы шаралар отбасы мен қоғамның бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттырып, ата-аналар мен мамандар арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласында осы науқан аясында барлық емханаларда 22-29-ы мамыр аралығында “Салауатты балалық шақ — бақытты болашақ” апталығы өз жұмысын жалғастыруда. Қала тұрғындары балалар денсаулығына қатысты маңызды мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Түркістан қалалық емханасының дәрігері Жеңісгүл Құрманбайқызы балалардың денсаулығына ата-ананың жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті:
– Балалар – біздің болашағымыз, біздің ұрпағымыз. Олардың денсаулығына әр дәрігер алаңдайтыны рас. Бірақ баланың шын мәнінде сау болып өсуі бірінші кезекте ата-ананың өз қолында. Жоспарлы екпелерді уақытылы салдыру, профилактикалық тексерулерден өткізіп тұру, дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру – міне, осының бәрі ата-ананың күнделікті назарында болуы тиіс. Әсіресе баланың 6 айынан бастап тамақтануын дұрыс қадағалау маңызды. Осы мерекелік күні еліміздің барлық бүлдіршіндерін құттықтап, дені сау, ақылды, зейінді болып өсе берсін деген ақ тілегімді білдіремін, – деді дәрігер.
Ұлттық науқан шеңберінде еліміз бойынша Отбасыны қолдау орталықтарында ашық есік күндері, балалар мен ата-аналарға арналған тренингтер мен семинарлар, өнер және спорттық сайыстар, балалардың құқықтары мен мүдделерін түсіндіруге бағытталған ақпараттық сессиялар ұйымдастырылуда. Бұл іс-шаралар балалардың дауысы естілетін, олардың пікірі ескерілетін қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, бұл бастама баланың отбасындағы, мектептегі, қоғамдағы орнын күшейтіп, ата-аналардың, мұғалімдер мен тәрбиешілердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттырып отыр. Баланың тек физикалық емес, психологиялық және эмоционалдық денсаулығына көңіл бөлу, олардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеттерінің бірі екені айқын аңғарылады.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – тек мереке емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті еске салатын күн. Бұл күн – әр бала махаббатқа, қамқорлыққа және қолдауға лайық екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін символ. «Қазақстан балалары» ұлттық науқанының аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар жас ұрпақтың бақытты, қауіпсіз және дені сау ортада өмір сүруіне бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Осы ұлттық науқан арқылы еліміз балалар құқығын қорғаудағы нақты қадамдарын көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына, білім алуына, шығармашылығын дамытуына, және ең бастысы – қауіпсіз әрі бақытты балалық шаққа ие болуына барлық жағдай жасап отырғанын көрсетті.
Ендеше, еліміздің болашағы – бүгінгі балаларды қорғау, тәрбиелеу және дамыту – әрқайсымыздың қасиетті міндетіміз.
Пікір қалдыру