ТҮРКІСТАНДА НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АЙЛЫҚ АКЦИЯНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған бір айлық кең ауқымды акция өз жұмысын бастады. «Есірткісіз болашақ!» ұранымен өткен бұл іс-шара жастардың бойында салауатты өмір салтына бейімділік қалыптастыруға, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін маңызды қадам ретінде бағаланды.

Айлықтың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, онда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов және өңірге танымал спортшылар сөз сөйлеп, жастарды зиянды әдеттерден сақтануға, өмірге оң көзқараспен қарауға шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында есірткіге, әсіресе синтетикалық түрлеріне қарсы күресті күшейтуді басым бағыт ретінде атап өтті. Өйткені бұл – ұлт болашағына тікелей төнген қауіп. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасымен өңірде нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл айлықтың басты мақсаты – жастар мен балалар арасында есірткіге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру, саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Жастарымыз саналы таңдау жасап, білім мен өнерге, спорт пен еңбекке ұмтылуы керек. Түркістан мен Қазақстанның жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Ашылу салтанатынан кейін өңір тұрғындары мен жастарға арнап мәдени және спорттық бағдарламалар ұсынылды. Қала тұрғындары, жастар ұйымдары, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері белсене қатысқан жиында нашақорлықтың алдын алу жолдары, есірткіге тәуелділіктен арылу тәсілдері және оның адам денсаулығына тигізетін зияны жөнінде кең көлемді ақпараттар ұсынылды. Мамандар арнайы стендтер мен ақпараттық материалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара барысында жергілікті өнерпаздар мен әскери қызметшілер патриоттық рухтағы қойылымдар ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Музыкалық және би бағдарламалар арқылы қоғам назарын салауатты өмір салтына бұру көзделді. Сонымен қатар, спортшылардың қатысуымен таңғы жаттығу ұйымдастырылып, жастардың физикалық белсенділікке деген ынтасын арттыруға бағытталған шеберлік сағаттары өтті.

Айлық аясында облыстың барлық аудандарында түрлі форматтағы акциялар, лекциялар, кездесулер мен спорттық сайыстар өтеді деп жоспарланған. Бұл шаралар жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы тұра алатын берік ішкі иммунитет қалыптастыруға және оларды қоғам өміріне белсенді араласуға баулуға бағытталған.

Түркістанда бастау алған «Есірткісіз болашақ!» акциясы – жас ұрпақтың санасына қауіптің алдын алудың маңызын сіңіруге, олардың өмірлік таңдауларында саламатты бағытты ұстануына жол ашатын маңызды әлеуметтік жоба. Жастардың белсенділігі мен қоғамның бірлігі арқасында өңірде есірткіге қарсы күрес тек міндет емес, ортақ мақсатқа айналып келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*