ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН «БАЛАЛАР ҮНІ» ФЕСТИВАЛІ – БОЛАШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН ЖАРШЫСЫ

Түркістан қаласында ерекше форматта әрі мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор іс-шара – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Бала үні – болашақтың үні» бастамасы аясында ұйымдастырылған «Балалар үні» өнер фестивалі өтті. Мерекелік кеш балалардың шығармашылығын қолдап, олардың пікірін тыңдауға бағытталған, мәні мен мағынасы терең, жарқын жобалардың бірі ретінде кеңінен танылды.

Ауқымды фестивальге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, балаларды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Бұл ерекше күн – болашағымыздың жарқын бейнесі саналатын сүйкімді балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мерекесі. Әрбір баланың амандығы, бақытты балалық шағы – кез келген елдің, әр отбасының басты құндылығы. Біздің елімізде, облысымызда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі, дені сау болып өсуіне барлық жағдай жасалып келеді. Мектептер мен балабақшалар бой көтеріп, түрлі мәдени-спорттық нысандар ашылуда. Бұл – сіздердің болашағыңыз үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Фестиваль аясында облыс көлеміндегі білім беру ұйымдарынан 20 мыңға жуық өнерлі бала қатысып, өңірдің әр түкпірінде өнерлерін көрсетті. Ең үздік деп танылған 600-ден астам оқушы Түркістан қаласындағы қорытынды концертте сахнаға шығып, көрермендерге әсерлі өнер тарту етті. Олар ән айтып, би билеп, көркем сөз оқып, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді заманауи формада сахна төрінде дәріптеді.

Фестивальдің басты ерекшелігі – балалардың өз ойын, тілегін, идеяларын еркін білдіруіне мүмкіндік беретін интерактивті форматтың қолданылуы болды. Арнайы ұйымдастырылған челлендж барысында оқушыларға мектептегі, қала мен елдегі өмірге қатысты өзекті мәселелерге байланысты сұрақтар қойылып, олардың көзқарастары тыңдалды. Бұл – балалардың азаматтық белсенділігін дамытуға, ел өміріне араласу мәдениетін қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.

Сонымен қатар, фестиваль аясында балалар мен ұстаздардың бірлескен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда ұлттық нақышта жасалған бұйымдар, тұрмыстық қолданбалы заттар, экологиялық материалдардан құрастырылған шығармалар, заманауи дизайн элементтерімен үйлескен композициялар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл жұмыстар – баланың шығармашылық еркіндігін, қиялын, қолөнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірудің тамаша үлгісі болды.

Оқушылардың сахна төріндегі өнері – туған жерге, ұлтқа, дәстүрге деген құрметтің көрінісі болды. Балалар ұлттық ән-күймен қатар, заманауи жанрда да өнер көрсетіп, қазақ мәдениетінің қазіргі заманмен үндесе алатынын дәлелдеді. Әр қойылымның ар жағында – тәрбие мен ұлттық рух, сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі сезілді.

Фестиваль барысында балалардың бойындағы шығармашылық әлеует, олардың ұлттық мәдениетке деген құрметі мен сүйіспеншілігі айқын көрінді. Бұл тек мерекелік шара емес, жас ұрпақтың үні мен үмітін, арманы мен асқақ ойларын жеткізетін алаң болды. Сонымен қатар, бұл іс-шара жас буынның ел болашағына бейжай қарамайтынын, олардың қоғамдағы маңызын мойындаудың нақты көрінісі іспеттес болды.

«Балалар үні» фестивалі – баланың тұлға ретінде қалыптасуына, шығармашылық дамуына, азаматтық белсенділігіне жол ашатын үлкен жоба. Түркістан төрінде өткен бұл мерекелік күн – балаларға жасалған құрметтің, олардың болашағына деген сенім мен үміттің белгісі. Жас ұрпақтың үні – расында да, еліміздің болашағының үні. Оларды қолдау – еліміздің ертеңіне жасалған ең құнды инвестиция.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*