ТҮРКІСТАН АСПАНЫНДА ӘУЕЛЕГЕН КҮЙ: БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ РУХЫН ОЯТҚАН ЕРЕКШЕ СӘТ

Түркістан халықаралық әуежайында ерекше мәдени сәт орын алды: қаладағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100-ге жуық оқушысы бір мезетте қолдарына қасиетті домбыраны алып, жолаушылар мен қала қонақтарын тамаша күймен қарсы алды. Бұл өнер көрсетілім тек музыкалық қойылым ғана емес, болашақ ұрпақтың ұлттық болмысын, рухани-адамгершілік құндылықтарға деген құрметін танытқан терең мәнге ие шара болды.

Аталған мәдени акция Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2035 жылға дейінгі «Оқушылардың тұтас дамуы» стратегиясы аясында жүзеге асып жатқан «Домбыра» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың бойында ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыру, оларды рухани тұрғыдан тәрбиелеу және домбыра сияқты ұлттық аспап арқылы ішкі жан дүниесін, сезімін, болмысын дамыту.

Балалар «Кеңес», «Нәрағашы», «Келіншек», «Тепеңкөк», «Балбырауын», «Ертұран» сияқты ұлт рухын асқақтатар күйлерді орындап, әуежай ішін әсем сазбен тербетті. Бұл – жолаушылар үшін тосын сый ғана емес, рухани демеу болған сәт еді. Көпшілік оқушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, әсерге бөленгендерін жасырмады. Музыкалық туындылар тек құлаққа жағымды әуен ғана емес, көрерменнің жүрегіне ұлттық мақтаныш пен тарихқа деген сүйіспеншілік сезімін ұялатты.

Шара арқылы оқушылар тек орындаушы ғана емес, ұлттық мұраның аманатшысы ретінде танылды. Күй тартып тұрған баланың әр қимылында – баба рухы, әр ішекті шерткен саусағында – ұлттық тарихтың үні бар еді. Бұл көрініс – ел ертеңі саналатын жас буынның бойында терең тамырланған ұлттық құндылықтардың жанданып жатқанын көрсетті.

Осындай жобалардың тәрбиелік мәні өте зор. Домбыра — қазақ халқының жаны, рухани әлемінің көрінісі. Оқушылар бұл аспап арқылы тек күй орындап қана қоймай, халықтың сан ғасырлық тарихын, азаттық жолындағы күресін, ерлігін, махаббатын жеткізеді. Бұл – тілмен айтылмас тәрбие, көзбен көріп, жүрекпен сезінетін білім мен рухани сабақ.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің тірегі. Олар ғылым мен техниканы меңгеріп қана қоймай, ұлттық тамырынан ажырамаған тұлға болуы керек. Елдің келешегін жарқын ететін, оны биік деңгейге көтеретін – осындай жан-жақты тәрбиеленген, мәдениеті мен білімі үндескен азаматтар. Назарбаев Зияткерлік мектебі секілді білім ошақтары осы бағытта мақсатты жұмыс атқарып келеді. Олардың басты мақсаты – баланың тек зияткерлік деңгейін емес, тұлғалық, рухани, ұлттық келбетін де қалыптастыру.

«Домбыра» жобасы – жас ұрпақты ұлттың рухани тамырымен байланыстыратын алтын көпір. Түркістан қаласының әуежайында өткен бұл шара – сол рухани көпірдің жарқын көрінісі. Осындай жобалар арқылы балаларға тек білім емес, рух пен тәрбие, ұлттық идеологияның негіздері де беріледі.

Қорыта айтқанда, домбыра үнімен Түркістан аспанын тербеткен жас өрендердің бастамасы – ел ертеңінің жарқын болуына деген сенімді арттырды. Өнер мен руханиятты қатар алып жүрген осындай жас буын – Тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасы, мәдени болмысымыздың тірегі, елдің үміт отын жағатын шырақшы болары сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*