ТЕРЕҢ ТАРИХТАН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА

Шымкент қаласында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі басталды. Ел болашағы – жастардың ойлау қабілетін шыңдайтын, еркін ой айту мен шешен сөйлеу дағдысын дамытатын бұл ауқымды зияткерлік сайыс еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған дарынды жастардың басын қосты.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың қоғамдық пікір қалыптастырудағы, елдің дамуына үлес қосудағы маңызын атап өтті. Өз сөзінде ол мұндай зияткерлік алаңдардың тек жеке тұлғаны дамытуға емес, тұтас қоғамның прогресіне оң ықпал ететінін тілге тиек етті.

Биылғы турнирге еліміздің 9 өңірінен – Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 120-дан астам команда қатысуда. Әр командада белсенді, білімді, ел болашағына бей-жай қарамайтын жас пікірсайысшылар бақ сынауда. Бұл – еліміздегі пікірсайыс қозғалысының кеңінен қанат жайғанының дәлелі.

Пікірсайыс турнирінің әділ әрі жоғары деңгейде өтуі үшін төрешілер құрамы ерекше дайындықтан өтті. Шымкент қаласының алдыңғы қатарлы үш жоғары оқу орнынан іріктелген кәсіби модераторлар, сондай-ақ пікірсайыс қозғалысының тәжірибелі ардагерлері төрешілік етуге тартылған. Жалпы саны 70-ке жуық сарапшы пікірсайыс барысында жастардың ойлау, талдау, дәлелдеу және қарсылық білдіру қабілеттеріне баға беруде.

Турнир аясында көтеріліп жатқан қарарлар қоғамның өзекті мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда, заманауи технологиялардың ықпалы, демократиялық процестер, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, білім беру жүйесіндегі реформалар, жастардың азаматтық белсенділігі мен саяси көзқарасы секілді тақырыптар кеңінен талқылануда. Әр команда бұл мәселелерге түрлі қырынан қарап, өз ұстанымдарын дәлелдеу арқылы терең талдау жүргізуде. Мұндай пікір алмасулар жастардың сыни ойлауын дамытып қана қоймай, оларды қоғамдағы белсенді азамат болуға баулиды.

Екі күнге жоспарланған бұл республикалық турнир Шымкент қаласында интеллектуалды орта қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Турнир барысында қатысушылар жаңа достар тауып, пікірсайыс мәдениетін меңгеріп қана қоймай, шынайы бәсекелестік ортада өз мүмкіндіктерін сынауға мүмкіндік алды. Бұл – жастардың өзін-өзі дамытуына, көшбасшылық қасиеттерін ұштауға берілген үлкен мүмкіндік.

Жарыстың қорытындысы ертең белгілі болады. Үздік деп танылған командалар мен шешендер арнайы марапаттарға ие болады. Сонымен қатар, турнирдің жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін халықаралық пікірсайыс додаларына жолдама алуы мүмкін.

Мұндай ауқымды шаралар еліміздегі зияткер жастардың санын арттырып, олардың қоғамдық пікір қалыптастырудағы ықпалын күшейте түседі. «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» деген атау осындай пікір алаңдарының нағыз маңызын көрсетіп тұр. Себебі тарихты білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Ал болашақ бүгінгі жастардың қолында екені сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*