
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Шымкент қаласында «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығының бастамасымен өткен бұл мәдени кеш достық пен татулықтың, этностар арасындағы өзара сыйластықтың жарқын көрінісі болды.
Іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы түрлі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді өкілдері қатысты.
Кеш шымылдығы ұйғыр халқының салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін қолөнер көрмесімен ашылды. Қатысушылар түрлі бұйымдармен, ұлттық аспаптармен және ұйғыр асханасының дәмімен танысып, ұлттың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Ұлттық нақыштағы киім үлгілері, тігін өнері, кестелеу, зергерлік бұйымдар – бәрі де көрменің мазмұнын арттыра түсті. Бұл көрме әсіресе жастар үшін тәрбиелік маңызы зор мәдени сабаққа айналды.
Салтанатты рәсімнің ашылуында сөз алған Заңғарбек Үсіпахметов Қазақстан халқы Ассамблеясының ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен бейбіт өмірдің кепілі. Біздің басты байлығымыз – ел ішіндегі ынтымақ пен татулық. Осындай мәдени іс-шаралар арқылы біз өзге ұлттардың салт-дәстүрін, тарихын, тілін жақыннан танып, бір-бірімізге деген құрметімізді арттырамыз. Бұл – ел болашағы үшін маңызды қадам», – деп атап өтті.
Шара барысында көрермендер ұйғыр халқының ән-билерімен рухани сусындады. Іс-шараның көркемдік бөлімі «Умай» би ансамблінің ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталып, кештің шырайын аша түсті. Сахна төрінде ұйғыр этносының ұлттық колоритін заманауи бағытта ұштастырған өнер ұжымдары мен жеке орындаушылар бірінен соң бірі өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Т.Молдағалиевтің сөзіне, С.Байтерековтің әніне жазылған «Жан досым» әнінің шырқалуы болды. Әсем әуен мен әсерлі орындау кешке келген қонақтардың ерекше ықыласына ие болды. Сондай-ақ Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының орындауындағы ұлттық және заманауи әндер де залдағы көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұл іс-шара ұйғыр этносының мәдениетін дәріптеу ғана емес, Шымкент қаласындағы этносаралық келісім мен бірлікті нығайтудың жарқын мысалына айналды. Елдің дамуы мен қоғамдық тұрақтылық – түрлі этностардың өзара түсіністігі мен мәдени байлығын бөлісе білуінде. Осы тұрғыда «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» сынды іс-шаралар еліміздің бейбіт өмірі мен рухани құндылықтарының дамуына тың серпін береді.
Мереке соңында Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығының жетекшілері өз өнерлерін көрсеткен ұжымдарға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да осындай рухани кештердің жиі ұйымдастырылатынын атап өтті. Мәдени шараға қатысушылар бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын боларына сенім білдіріп тарқасты.
Пікір қалдыру