ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысының экономикалық даму әлеуеті шетелдік инвесторлар үшін тартымды бағыттардың біріне айналып отыр. Жуырда өңірге Қытай Халық Республикасынан келген ресми делегацияны облыс әкімі Нұралхан Көшеров қарсы алып, Түркістанның өндірістік, индустриялық және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Қытайлық делегацияның сапары – Қазақстан мен ҚХР арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Сапар барысында тараптар логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергетика және тау-кен өндіру секторларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ сауда-өндірістік қоймалар мен өкілдіктер ашу мәселелерін талқылады. Жиында қытайлық инвесторлар өз жобаларын таныстырып, өңірде бизнес жүргізу бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров екіжақты қарым-қатынастың тереңдей түскенін атап өтіп, Түркістан өңірінің Қазақстан экономикасындағы орны мен мүмкіндіктерін ерекше атап өтті:

– Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық берік негізде дамып келеді. Өткен жылы Хубэй провинциясына жасаған сапарымда сіздермен маңызды келіссөздер жүргізілген еді. Бүгінгі кездесуіміз сол конструктивті диалогтың жалғасы. Түркістан облысы – Орталық Азиядағы геостратегиялық маңызды аймақ. Мұнда көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп сынды түрлі салаларда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Облысымыз арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың үлкен мүмкіндігін береді, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, әкімдік авиациялық жүк тасымалын дамыту, әуежай маңында техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашу, халықаралық жүк бағыттарын көбейту және заманауи логистикалық парктерді бірлесіп салу сияқты нақты ұсыныстарын да алға тартты. Мұндай жобалар аймақтың экономикалық динамикасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік береді.

Сапар аясында қытайлық делегация Түркістан қаласындағы құрылысы жүріп жатқан мақта зауытына барып, өндірістік жоспармен танысты. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы өңірлік экономиканы әртараптандырудың нақты мысалы саналады. Сондай-ақ, Сауран ауданы, Ораңғай ауылында орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) жұмысы таныстырылып, онда шетелдік инвесторларға ұсынылатын инвестициялық жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық қолдаулар туралы толық ақпарат берілді.

Қытайлық тарап өңірдегі инвестициялық климатқа оң баға беріп, бірлескен индустриалды аймақ құру жөніндегі ұсынысты қолдауға ниет білдірді. Мұндай аймақтарда өндірістік кооперацияны дамыту арқылы Қазақстан мен ҚХР арасындағы тауар айналымының артуына және экспорттық әлеуеттің ұлғаюына жол ашылады.

Түркістан облысы бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның инвестициялық және логистикалық хабына айналу жолында. Әкімдік шетелдік инвесторларға барлық қажетті мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл – бизнесті жүргізудің ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін сенімді негіз.

Сапар соңында делегация Түркістан қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің туристік мүмкіндіктерімен де танысты. Бұл өз кезегінде тек экономикалық емес, мәдени байланыстарды да нығайтудың тиімді жолы ретінде қарастырылып отыр.

 Қытайдан келген делегацияның Түркістан облысына сапары өңір экономикасына серпін беретін жаңа бастамаларға жол ашты. Инвестициялық әріптестік тек екіжақты емес, аймақаралық дамуға да ықпал ете алады. Түркістан – болашағы зор, инвестиция үшін қолайлы аймақ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*