
Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде асық ату спортынан 2015-2017 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты салтанатты түрде басталды. Жарысқа еліміздің 16 өңірінен келген 100-ге жуық жас спортшы қатысып, өз өнерлерін ортаға салуда. Бұл чемпионат – ұлттық спорт түрінің жас буын арасында кең қанат жайып келе жатқанын айқын көрсететін маңызды спорттық әрі мәдени оқиға.
Салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен асық ату спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жомарт Оразов сөз сөйлеп, қатысушы өрендерге сәттілік тілеп, ұлттық мұраның маңызын атап өтті.
– Асық ату – қазақ халқының төл ойыны ғана емес, ұлттың болмысынан сыр шертетін мәдени құндылық. Бұл спорт түрі арқылы балалар тек физикалық шеберлігін ғана емес, шапшаңдық, дәлдік, табандылық секілді қасиеттерін де дамыта алады. Бүгінгі жарыс жасөспірімдер арасында ұлттық спортты кеңінен насихаттап, болашақ чемпиондардың қалыптасуына негіз болмақ, – деді Ғалымжан Худияров.
Чемпионаттың басты мақсаты – ұлттық спорт түрін жастар арасында танымал ету, ұмытылып бара жатқан дәстүрлі ойындарды жаңғырту, сондай-ақ әр өңірдегі асық ату спортының даму деңгейін анықтау. Асық ойыны – тек спорт емес, бұл – баланың денесін шынықтырып қана қоймай, оның ойлау қабілетін, көзбен мөлшерлеу, дәлдік пен ептілік дағдыларын дамытуға бағытталған ерекше ұлттық мұра.
Түркістан облысының командасы алғашқы кезеңнен-ақ жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, басты жүлдеден үміткерлер қатарынан көрінуде. Бұл өңірдегі ұлттық спортқа деген жанашырлық пен жүйелі дайындықтың нәтижесі десек, артық айтқандық емес.
Айта кету керек, қазіргі таңда асық ату спортын Азия балалары ойындарының бағдарламасына енгізу жөнінде нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл қадам – ұлттық ойындарды халықаралық аренаға шығарып, әлемге қазақ халқының бай мәдениетін танытуға үлкен мүмкіндік береді. Аталған бастама ел ішіндегі жасөспірімдер спортының дамуына тың серпін бермек.
Асық ату – жай ғана ойын емес. Бұл – ұлттың тәрбие мектебі, баланың мінез-құлқын қалыптастыратын құрал, қоғаммен байланысын нығайтатын орта. Мұндай жарыстар арқылы жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік сезімі қалыптасып, салт-дәстүрге деген құрмет артады. Сонымен қатар, ұлттық ойындар арқылы балалар ұялы телефон мен компьютерге тәуелділіктен алыстап, белсенді өмір салтын қалыптастырады.
Мемлекет тарапынан балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты қолдау – еліміздің келешегі үшін жасалып жатқан маңызды бастамалардың бірі. Жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағы тәрбиелі, дені сау, зияткер болуы үшін осындай ұлттық және спорттық бағыттағы іс-шаралардың рөлі зор. Бұл ретте Түркістан өңірі үлгі боларлық бастамаларымен ерекшеленіп отыр.
Түркістанда бастау алған бұл чемпионат – ұлттық спортты жаңғыртып, оны жаңа буынға табыстаудың нақты көрінісі. Асық ату – бала ойынынан үлкен спортқа айналып келе жатқан мәдени мұра. Мұндай шаралар арқылы ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, оны жаңа белестерге көтеруге жол ашамыз. Түркістан төрінде басталған бұл жарыс – ел болашағын тәрбиелеудің, ұлт құндылықтарын жаңғыртудың жарқын үлгісі.
Пікір қалдыру