ЖАС САҚШЫЛАР МЕН ПОЛИЦИЯ ТАБИҒАТ АЯСЫНДА ЕРЕКШЕ ЧЕЛЛЕНДЖ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Түркістан облысына қарасты Төңкеріс ауылында полиция қызметкерлері мен жас сақшылардың қатысуымен ерекше форматтағы әлеуметтік-патриоттық шара өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кездесудің мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, жастар арасында бейбіт өмір салтын насихаттау және құқықтық сананы қалыптастыру болды. Табиғат аясында өткен бұл шара мазмұн жағынан бай, мағынасы терең іс-шара ретінде жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.

Жасөспірімдер мен жас сақшылар табиғаттың таза ауасында отырып, мольбертке және табиғи тастарға сурет салу арқылы өз ойларын бейнелеп, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсылықтарын шығармашылық тұрғыдан жеткізді. Әрбір сурет – қоғамға үндеу, әрбір түс – мейірімділік пен бейбітшіліктің нышаны болды. Бұл өнер тілімен жеткізілген азаматтық ұстаным қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударудың тың әдісі екенін көрсетті.

Шара барысында Төлеби аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Сейдуалиев жас суретшілер мен қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, олардың бейбіт қоғам құру жолындағы талпыныстарын жоғары бағалады. Ол мұндай кездесулердің тек ақпарат берумен шектелмей, жастардың жан дүниесіне әсер ететін тәрбие құралдары екенін атап өтті.

Кездесу аясында отбасылық құндылықтарды дәріптейтін әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді. Бұл материалдар арқылы қатысушылар зорлық-зомбылықтың адам тағдырына тигізетін кері әсерін көріп, осы мәселеге қоғам болып қарсы тұрудың маңызын сезінді. Іс-шараның бір бөлігінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы Ақмарал Боташева сөз сөйлеп:

– Отбасындағы зорлық – ар алдында да, заң алдында да қылмыс. Мұндай әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Әр азамат бұл мәселеге бейжай қарамауы керек, – деді.

Ол сондай-ақ, зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесудің құқықтық және психологиялық жолдары туралы ақпарат берді. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыруға, қоғамдағы әділет пен теңдік туралы көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Аталған іс-шара «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» челленджі аясында ұйымдастырылып, Мақтаарал ауданынан қабылданып, Шардара ауданына жолданды. Бұл бастама өңірлер арасында өзара қолдау тетігін нығайтып, ұлттық деңгейде бейбіт қоғам құруға бағытталған шаралардың кеңінен таралуына жол ашады.   Мұндай шаралар құқық қорғау органдарының тек тәртіп сақшысы ғана емес, қоғамдағы маңызды әлеуметтік институттардың бірі екенін көрсетеді. Олар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, адамгершілік қасиеттерді және әлеуметтік жауапкершілікті тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Полиция қызметкерлерінің белсенді араласуымен өткізілген бұл кездесу – жастар мен қоғам арасындағы сенім көпірін нығайтудың жарқын мысалы.

 Бұл бастама – қоғамда бейбітшілік пен тәртіпті сақтау жолындағы тың тәсілдердің бірі. Көп жағдайда статистикалық деректер мен заңнамалық нормалар жеткіліксіз. Ал мұндай адам жанына әсер ететін, шығармашылыққа құрылған шаралар арқылы жастарды тәрбиелеу – нәтижелі әрі терең әсер қалдыратын қадам. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан олардың бойында мейірімділік, әділеттілік және заңға құрмет сезімін қалыптастыру – баршамыздың ортақ парызымыз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*