КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ: ШЫМКЕНТТЕ ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ЖОБА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының әкімдігінде Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясын талқылау және түсіндіруге арналған кеңейтілген кеңес өтті. Маңызды жиынға қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кеңесті Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ашып, жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Қала басшысы Мемлекет басшысының өткен жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бір палаталы Парламент құру бастамасын ұсынғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл бастама – саяси жүйені кешенді түрде жаңғыртуға, сондай-ақ жасанды интеллект дәуіріндегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға жол ашатын маңызды қадам.

Әкімнің айтуынша, 8 қазанда Президент парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойған. Аталған топтың құрамына беделді сарапшылар, заңгер-ғалымдар, саяси партиялар фракцияларының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Сонымен қатар, реформаны талқылау үдерісіне белсенді азаматтар да тартылып, жұмыс шамамен алты айға созылған.

Осы уақыт аралығында Жұмыс тобы халықтан келіп түскен 2 мыңнан астам ұсынысты жинақтап, жан-жақты талдаған. Ал 2026 жылғы қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы аталған жұмыстардың қорытындысын шығарып, алдағы конституциялық өзгерістерге қатысты өз ұстанымын білдірді.

Айта кетейік, 21 қаңтарда құрамына 130 адам енген Конституциялық комиссия құрылды. Комиссия мүшелері Ата заңға өзгерістер енгізуге қатысты ұсыныстарды мұқият зерделеп, Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтитын, 77 бапқа қатысты түзетулерді қарастырды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа редакциясын әзірлеу бастамасы кең қолдауға ие болды.

Кеңес барысында қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Қоғамдық кеңестің төрағасы Бұхарбай Парманов және заң ғылымдарының кандидаты, доцент Мақсат Елікбай баяндама жасап, Конституция жобасының негізгі ережелеріне жан-жақты тоқталды. Олар парламенттік реформаның мәнін, елдің саяси жүйесін дамытудағы маңызын және әлеуметтік-экономикалық негіздерді нығайтуға бағытталған конституциялық өзгерістердің өзектілігін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасы елдің демократиялық дамуын күшейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын атап өтті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*