ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ АШЫҚ КӨЗҚАРАС: ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРДЕ МЫҢДАҒАН ОТБАСЫ ҮШІН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйрығына сәйкес еліміздің әскери бөлімдерінде бірыңғай Ашық есік күні ұйымдастырылды. Аталған шараға мерзімді әскери қызметшілердің 4 мыңнан астам ата-анасы мен туған-туысы арнайы шақырылып, әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара барысында қонақтар үшін қару-жарақ пен әскери техникалардың көрмесі қойылды. Сарбаздардың күнделікті дайындығы мен кәсіби машықтары саптық алаңдарда және оқу-жаттығу полигондарында паш етілді. Әскери қызметшілер қарумен саптық қозғалыстарды, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы шеберлігін көрсетті.

Ата-аналарға Қорғаныс министрлігі тарапынан тәрбие жұмысын ұйымдастыру, әскери тәртіпті сақтау және жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кең көлемде мәлімет берілді. Сондай-ақ қару қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының қалай сақталатыны егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Шара аясында келген қонақтар сарбаздардың қызмет және тұрмыс жағдайымен де танысты. Олар казармаларды аралап, жатын бөлмелер мен тұрмыстық аймақтарды көрді. Әскери асханаларда сарбаздарды тамақтандыру жүйесі көрсетіліп, тағам рационының тәртібі мен алуан түрлілігі таныстырылды.

Кездесудің әсерлі сәттерінің бірі – сарбаздармен бірге ұйымдастырылған ортақ түскі ас болды. Қарапайым форматта өткен бұл дастархан ата-аналарға ерекше әсер қалдырды. Олар әскери қызметтің ұлдарының бойында жауапкершілік, тәртіп және бір-біріне деген қолдау сияқты қасиеттерді қалыптастырғанына көз жеткізді.

Ашық есік күні жас қонақтар үшін де ұмытылмас әсер сыйлады. Тараз қаласынан келген он жастағы Алена «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінде қызмет ететін ағасы Владимир Романовқа арнайы келіп, әскери бөлім өмірін алғаш рет көрді. Бұл сапар жасөспірімнің жүрегінде ағасына деген мақтаныш сезімін оятты.

Ал Гвардейск гарнизонында орналасқан танк бригадасының барлау батальонында қызмет ететін Айбар Калифановтың үш жасар інісі Әміре ағасынан бір елі қалмай, әскери ортаға ерекше қызығушылық танытты. Осындай сәттер арқылы әскери қызметке деген құрмет пен дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*