
Қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтық. Жыл өткен сайын бұл қылмыс түрі тек күрделеніп қана қоймай, айла-тәсілдері де жаңарып, мыңдаған тұрғындарды тақырға отырғызып отыр. Түркістан қаласында соңғы уақытта алаяқтардың құрбанына айналған азаматтар саны артып келеді. Бұл жағдай Полиция басқармасы қызметкерлерінің алаяқтықпен күрес бағытындағы жұмыстарын жандандыруды қажет етуде.
Осыған орай, Түркістан қаласы Полиция басқармасының ұйымдастыруымен тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру шаралары жүргізілуде. Құқық қорғау қызметкерлері қоғамдық орындарда, көшелерде, саябақтарда, банктердің алдында және халық көп шоғырланған жерлерде арнайы жадынамалар таратып, алаяқтықтан сақтанудың жолдарын түсіндіруде. Тәртіп сақшылары интернеттегі алдаудың түрлері көбейіп бара жатқанын айтып, қарапайым сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.
Атап айтқанда, полицейлер тұрғындарға:
-
Жеке деректерді, банк картасының нөмірі мен СМС-кодтарды ешкімге хабарламауға;
-
Белгісіз сілтемелерге өтпеуге;
-
Тексерілмеген сайттардан алдын ала төлем жасамауға;
-
Телефон арқылы өзін банк қызметкері, полиция немесе таныс адам ретінде таныстырған бейтаныс тұлғаларға сенбеуге шақырады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтар психологиялық қысым арқылы адамдарды шатастырып, сенімге кіреді, кейде олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, есепшотты «бұғаттан шығару» немесе «ақшаны қорғау» секілді сылтаумен әрекет етеді.
Статистикаға сүйенсек, тек соңғы бірнеше айдың өзінде ондаған түркістандық интернет арқылы сан соғып қалған. Арасында зейнеткерлерден бастап, студенттер мен кәсіпкерлерге дейін бар. Көбі бейтаныс тұлғалардан тауар сатып алу немесе инвестициялық ұсыныс алған кезде алданып қалған. Ал кейбір азаматтар жалған банк қызметкерінің сөзіне еріп, өз картасының ақпараты мен бір реттік құпия кодты айтып берген. Мұндай жағдайларда ақша есепшоттан бірден шешіліп кетеді, ал алаяқтың ізі суиды.
Интернет алаяқтарына қарсы күресте полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысы үлкен. Олар тек түсіндірумен шектеліп қоймай, алаяқтарды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр. Бұл бағытта арнайы жедел топтар құрылып, IT-технологиялар көмегімен қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары да жолға қойылған.
– Қазіргі заманның алаяқтары заманауи техниканы жақсы меңгерген, олар желідегі әрбір аңғал қолданушыны оңай алдай алады. Сондықтан әр азамат цифрлық қауіпсіздік сауаттылығын арттырып, интернеттегі іс-әрекетіне абай болғаны жөн. Құқық қорғау органдары тұрғындарды қорғау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауда, – дейді Түркістан қалалық Полиция басқармасының мамандары.
Полиция өкілдері алаяқтықтың алдын алуда ең басты құрал – сақтық пен сергектік екенін айтады. Әсіресе егде жастағы азаматтар мен жасөспірімдер жиі алданып қалатындықтан, олармен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қоғам болып бірігіп, құқықтық сауаттылықты арттыру – интернет алаяқтарының жолын кесудің ең тиімді жолы.
Пікір қалдыру