ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН АСЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСТЫ

Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мамандарының бірлесуімен өткен дөңгелек үстел – мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Іс-шараға үкіметтік емес ұйым өкілдері, этномәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелері, полиция қызметкерлері мен қоғамдық ұйым мамандары қатысты. Жиынның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық салаларында тиімді қолданылуын қамтамасыз ету.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңнамасы, оның орындалу тетіктері және мемлекеттік тілді дамыту жолдары кеңінен талқыланды. Ювеналдық полиция инспекторы Қылышбек Тұрмахамбетов мемлекеттік тілдің құқық қорғау саласындағы маңызы мен күнделікті қызметтегі орнына тоқталып, азаматтармен түсіністік орнатуда ана тілінің ықпалы зор екенін жеткізді.

Мемлекеттік тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың рухани өзегі, тәуелсіздіктің тұғыры. Ол қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтудың қуатты құралына айналып отыр. Тілге деген құрмет – елге деген құрмет.

Сонымен бірге жиын барысында әскери-патриоттық тәрбиенің қоғам үшін маңызы да сөз болды. Бүгінгі ұрпақты Отанды сүюге, ел мен жерге адал қызмет етуге баулу – тіл мен руханиятты қатар ұлықтаудан басталады. Полиция қызметкерлері жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттап қана қоймай, олардың бойына патриоттық рухты сіңіруге де күш салып келеді. Бұл – болашақта ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтарды тәрбиелеудің негізі.

Жиын соңында қатысушылар мемлекеттік тілге деген жауапкершілік – ұлт болашағына деген жауапкершілік екенін айтып, тілге құрметтің ұлт бірлігіне, бейбітшілік пен келісімге бастайтынын атап өтті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*