ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫ – ПОЛИЦИЯНЫҢ КӘСІБИ ДАЯРЛЫҒЫНАН БАСТАЛАДЫ

Түркістан облысы полицейлерінің қызметтік және жауынгерлік даярлығы – өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды басымдықтардың бірі. Облыс аумағында құқықтық тәртіпті сақтау мен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен физикалық дайындық деңгейі айрықша рөл атқарады. Осыған орай Түркістан облысы Полиция департаментінің Арнайы жұмылдыру басқармасы тұрақты түрде оқыту және тәжірибелік жаттығулар өткізіп келеді.

Жуырда Түркістан қаласының Патрульдік полиция инспекторларына арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру және төтенше жағдайлардағы әрекет ету дағдыларын жетілдіруге бағытталған кезекті сабақ ұйымдастырылды. Маңызды жаттығу жиынына Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев арнайы қатысып, жеке құрамға сәттілік тіледі.

Оқу-жаттығу барысында қызметкерлерге тек теориялық білім берілмей, нақты қауіп төнген жағдайларда бірлесіп әрекет ету, бұйрықты дәл әрі жедел орындау секілді тәжірибелік машықтар да үйретілді. Мұндай сабақтар полицейлердің рефлекстік дағдыларын дамытып, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға дайын болуына көмектеседі.

Сондай-ақ, жаттығулар қызметкерлердің физикалық төзімділігін арттырып қана қоймай, өзара сенім мен командалық рухты қалыптастыруға үлкен септігін тигізуде. Бүгінгі таңда қоғамдық тәртіпті қорғау – күрделі әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сондықтан әрбір полиция қызметкерінің кәсіби деңгейі, психологиялық тұрақтылығы мен физикалық дайындығы қоғам қауіпсіздігінің негізі саналады.

Облыстағы арнайы және дене шынықтыру дайындығына арналған сабақтар жүйелі түрде өткізіліп, полиция қызметінің сапасын арттыруға, тұрғындардың сенімін нығайтуға бағытталып отыр. Полицейлердің кәсіби шеберлігін жетілдіру – тек ведомстволық міндет емес, бұл – ел тыныштығына қосылған нақты үлес.

Қоғамның тыныштығын сақтау жолында өз өмірін қауіп-қатерге тігіп жүрген тәртіп сақшыларының қызметі әрдайым жоғары бағалауға лайық. Олардың күнделікті еңбегі – ел тұрақтылығы мен азаматтардың амандығының кепілі. Жоғары дайындық деңгейі бар полиция – бұл сенімді қорған, бұл – бейбіт өмірдің сақшысы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*