
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Б. Айтпаевтың төрағалығымен өңір аумағында қызмет көрсететін 78 жеке күзет ұйымының құрылтайшылары мен директорлары қатысқан кең көлемді семинар-кеңес өтті. Бұл жиын «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру» тақырыбында өтіп, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Іс-шараға ҰҚК департаменті, прокуратура, әкімдік, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, әкімшілік полиция және күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлері қатысты. Бұл – түрлі сала өкілдерінің бірлесіп әрекет ету қажеттігін айқындайтын, тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаң болды.
Семинар барысында террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау, азаматтық және қызметтік қару айналымы, сондай-ақ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген толықтырулар мен өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға еліміздегі терроризмге қарсы қауіпсіздік шаралары бойынша заңнамалық талаптар жан-жақты түсіндіріліп, нақты мысалдар келтірілді.
Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жеке сектордың да басты міндеттерінің бірі. Осы ретте жеке күзет ұйымдарының рөлі ерекше. Олар адамдар көп шоғырланатын орындарда, білім және денсаулық мекемелерінде, өндірістік аймақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде негізгі буын ретінде әрекет етеді. Сондықтан олардың кәсіби дайындығы мен заң талаптарын жетік меңгеруі – жалпы қауіпсіздіктің кепілі.
Семинар барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, объектілердің қорғалуын жетілдіру жолдары, жауапкершілік пен міндеттерді нақтылау сынды мәселелер де сөз болды. Қатысушылар өзара белсенді пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, көптеген сауалдарына нақты жауап алды.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – көп деңгейлі жүйе. Оның ішінде жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері алғашқы әрекет етуші күш ретінде танылып отыр. Олар тек күзет емес, сол нысанда орын алуы мүмкін қауіп-қатерге жауап беретін, қауіптің алдын алатын, тіпті қажет болған жағдайда жедел шешім қабылдайтын мамандар. Осы орайда олардың білімін үнемі жетілдіріп отыру – уақыт талабы.
Қорытындысында, қатысушылар семинардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мұндай кездесулер тек ақпарат алмасу емес, бірлескен іс-қимылды үйлестіру алаңы екені айтылды. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда өз үлесін қоса бермек. Жеке күзет ұйымдары – қауіпсіз Қазақстанның сенімді серіктері. Олардың әрбір ісі – қоғам тыныштығына қосылған үлес.
Пікір қалдыру