«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛЕДІ

2025 жылы Түркістан облысында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып отыр. Аталған жоба шеңберінде 142 елді мекенді қамтитын 140 жобаны іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен 21,8 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл – өңірдің ауылдық аумақтарын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі.

Бөлінген қаржының басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына бағытталады. Атап айтқанда, 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі, бұл ауыл оқушыларының сапалы білім алуына жаңа мүмкіндік ашпақ. Сонымен бірге 17 жаңа спорт нысанының құрылысы мен 1 спорт мектебінің күрделі жөндеуі жоспарланып отыр. Бұл жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.

Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Биылғы жоспар бойынша 10 мәдениет үйі салынса, тағы 6 нысан күрделі жөндеуден өтпек. Бұл ауыл тұрғындарына арналған мәдени іс-шараларды өткізуге жағдай жасап, ауылдық жерлердегі рухани өмірді жандандыруға сеп болмақ.

Инженерлік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында да бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, 2 ауыз су нысаны күрделі жөнделіп, 7 жаңа электр қуатымен жабдықтау нысанының құрылысы жүзеге асырылады. Ал 90 жоба ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге бағытталған. Бұл ауыл халқының күнделікті тіршілігі мен қозғалысына тікелей әсер ететін маңызды жұмыс екені сөзсіз.

Аталған жобалар облыс әкімі аппаратының кезекті апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды. Жиынды Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жүргізіп, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша жүргізілетін жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау қажет. Әрбір жоба жіті зерделеніп, жүйелі бақылауда болады. Сонымен қатар, бұл жобалар аясында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де назарда ұсталуы тиіс. Облыстағы барлық құрылыс нысандары әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынған. Әрбір басқарма басшысы, аудан және қала әкімдері өз деңгейінде жұмысты ширатып, халық алдындағы жауапкершілігін нақты сезінуі керек. Біз аймақты дамыту жоспары мен бекітілген индикаторлардың орындалуын үнемі бақылауда ұстаймыз», – деді облыс әкімі.

Жиында сондай-ақ өңірдің ауыз сумен қамтылуы және «Жайлы мектеп» жобасының орындалу барысы да кеңінен қаралды. Қазіргі таңда Түркістан облысының қалалары сапалы ауыз сумен толық қамтылған. Ауылдық жерлердегі қамту деңгейі де жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, Арыс, Шардара, Ленгір және Сарыағаш қалаларындағы ауыз су жүйелерін жаңғырту қажеттігі айтылып, бұл бағытта тиісті ұсыныстар әзірленді.

Бүгінде облыста 63 ауыз су жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде 7 жоба қала аумағында, ал 56 жоба ауылдық елді мекендерде жүргізілуде. 2025 жылдың соңына дейін 36 жоба аяқталып, 30 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге 7 ауылда су құбырлары жаңартылса, 2 елді мекенге жаңа су жүйесі тартылады. Бұл жұмыстар халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер ететіні сөзсіз.

Білім саласында да маңызды ілгерілеулер күтілуде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 29 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 13-і толықтай тапсырылып, 9 мектепте оқу процесі басталған. Жыл соңына дейін қалған 16 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар жаңа мектептерге білікті кадрлар мен кәсіби ұстаздарды тарту мәселесі де әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынған.

Осылайша, Түркістан облысында елді мекендерді дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және әлеуметтік саланы нығайту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі», «Жайлы мектеп» сынды ұлттық маңызы бар жобалар аймақтың келешегіне жол ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*