
Түркістан облысы Полиция департаментінде департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы, полиция полковнигі Құрманбек Саховтың төрағалығымен жедел кеңес өтті. Кезекті алқалы жиынға департаменттің аппарат басшылары, қалалық және аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің жетекшілері, жедел-қызметтік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында ағымдағы жылдың осы кезеңіне дейінгі ішкі істер органдарының жедел-қызметтік қызметінің нәтижелері жан-жақты талқыланып, алдағы кезеңдерге қойылған мақсат-міндеттер нақтыланды. Полиция полковнигі Қ.Сахов өз сөзінде ведомство жұмысының тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың маңыздылығы сөз болды. Бұл бастама аясында қоғамдық орындарда, көшелерде және халық тығыз шоғырланатын аймақтарда профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары күшейтілмек. Сонымен қатар, кеңесте жеке құрамның қызметтік тәртіпті сақтауы, ішкі тәртіпті бұзу деректерінің алдын алу, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту мәселелері де күн тәртібінде тұрды.
Құрманбек Сахов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы» шеңберінде өңір көлемінде жүзеге асырылатын шаралардың ерекше маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ішкі істер органдары жұмысының жаңа кезеңге өтуіне жол ашып, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге, полицияның бейнесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар полиция басшысы құқық бұзушылықтар мен қылмыс түрлерінің алдын алуға, әсіресе жол-көлік оқиғаларын азайтуға басымдық беру керектігін тапсырды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шараларды қолға алып, жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілермен күресті күшейту қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқыс оқиғалардың алдын алу, қоғамдық көліктердегі тәртіпті бақылау сынды маңызды мәселелер көтерілді.
Жазғы демалыс маусымының басталуына орай балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де негізгі назарда тұр. Бұл ретте білім беру мекемелерімен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, шомылуға тыйым салынған жерлерде қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Кеңес соңында полиция полковнигі Құрманбек Сахов барлық басқарма және бөлім басшыларына құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді, кадрлық әлеуетті арттыруды, сондай-ақ қызметкерлер арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды басты талап ретінде ұстану қажеттігін ескертті. Әрбір полицей өз қызметіне жауапкершілікпен қарап, заңға бағынатын, халықтың сеніміне ие кәсіби маман болуға ұмтылуы тиіс екенін баса айтты.
Жиын қорытындысы бойынша нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді. Түркістан облысының полиция қызметкерлері алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында барлық күш-жігерін салатынын жеткізді.
Пікір қалдыру