ТҮРКІСТАН: ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Түркістан облысында оқу жылының аяқталуына байланысты мектептерде «Соңғы қоңырау» іс-шараларына дайындық жүруде. Осыған орай өңірдің полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Бұл – балалардың қуанышты сәтін қауіпсіз әрі тәртіппен өткізуге бағытталған кешенді алдын алу шараларының бірі.

Осыған байланысты Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшылығы білім ошақтарын аралап, оқушылармен кездесіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның бірі – Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Усербаев бастаған топтың №34 мектепте өткізген кездесуі болды. Іс-шарада полицейлер оқушылармен ашық әңгімелесу арқылы қауіпсіздік талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, құқықбұзушылықтың алдын алу жолдарын ортаға салды.

Кездесу барысында соңғы қоңырау кезінде орын алуы мүмкін заңсыз әрекеттерге жол бермеу керектігі айтылды. Атап айтқанда, мектеп бітіруші түлектер арасында жиі кездесетін жағдай – көліктерді жалдап, колонна түрінде шеруге (гулянка) шығу фактілері – қатаң түрде тыйым салынатыны ескертілді. Мұндай әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

Сонымен қатар Ермек Усербаев оқушылар мен мұғалімдерді Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне енгізілген жаңа өзгерістермен таныстырды. Атап айтқанда, ендігі уақытта көліктің жүріп келе жатқанда жолаушылардың дене мүшелерін терезе не люк арқылы шығаруына, есікті ашуына, сондай-ақ жолаушыларды көлік салонынан тыс тасымалдауға тыйым салынады. Бұл талаптарды елемеген жағдайда жүргізушілер мен жолаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылды. Бұл ережелер жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керектігін де ескертті. Атап айтқанда, суға түсуге арналмаған немесе рұқсат етілмеген орындарда шомылу – өмірге қауіп төндіретіні түсіндірілді. Осы мақсатта арнайы түсірілген бейнероликтер көрсетіліп, балалардың зейініне әсер ететін нақты мысалдар келтірілді.

Кездесу соңында мектеп әкімшілігі мен оқушылар тәртіп сақшыларына өз ризашылықтарын білдіріп, айтылған кеңестер мен ескертулерді есінде сақтайтындарын жеткізді. Мұндай кездесулер жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуде маңызды рөл атқарады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, соңғы қоңырау мерекесі – қуаныш пен жауапкершілік қатар жүретін кезең. Сондықтан ата-аналар да өз балаларының тәртібі мен жүріс-тұрысына бақылау жасап, заңбұзушылыққа жол бермеуге атсалысулары қажет.

Оқу жылының қорытынды кезеңінде осындай алдын алу шаралары жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың азаюына және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*