ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 130 МЫҢНАН АСТАМ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында еңбек нарығын тұрақтандыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің тапсырмасымен қатаң бақылауға алынып, нақты нәтижелер көрсетуде.

Атап айтқанда, «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» жобасы аясында 2025 жылға дейін 130 769 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 83 554 орын – тұрақты, ал 47 215 – уақытша жұмыс орындары ретінде белгіленіп отыр. Бұл бастама өңірдегі еңбек ресурстарын тиімді пайдаланып, халықтың табысын арттыруды көздейді.

Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында 2025 жылдың алғашқы төрт айында атқарылған жұмыстар бойынша алқа мәжілісі өтті. Жиында жауапты басқарма мен мекеме басшылары есеп беріп, жұмыстың жай-күйі талқыланды.

Жиын барысында «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Абзал Казанкапов өңірдегі жұмыссыздықпен күрес және азаматтарды жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері тұрақты жұмыс орындарын ашу бойынша 7 883 орын жоспарланғанымен, нақты 12 031 жұмыс орны құрылған. Соның нәтижесінде 4 148 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сондай-ақ, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы шеңберінде 1 айда 775 жаңа жұмыс орны құрылып, жалпы 1 747 адам жұмыспен қамтылған. Ұлттық жобалар аясында да белсенді шаралар жүргізіліп, 321 азамат жұмыспен қамтылған. Алайда Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт және Отырар аудандарында бұл бағыттағы жұмыстардың сылбыр екені атап өтілді.

Уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына биыл 32 465 адамды тарту жоспарланса, қазіргі таңда 19 447 азамат осы бағдарлама аясында жұмысқа жолданған. Бұл көрсеткіш бағдарламаның жүзеге асу қарқыны жаман еместігін көрсетеді.

Ал әлеуметтік қорғау саласы бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева есеп беріп, биылғы жылдың 4 айында атқарылған істермен таныстырды. Оның айтуынша, аз қамтылған азаматтардың санын 20 пайызға дейін қысқарту межеленіп отыр.

Аталған кезеңде 49 037 адамға, яғни 7 995 отбасына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалып, төлемдер жүргізілген. Бұл ретте кедейлік деңгейі 2,3%-ға дейін төмендеп, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайыздық пунктке азайғаны айтылды. Сонымен қатар, АӘК алушылардың саны 45 713 адамға немесе 48,2%-ға азайған.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды. Ол индикаторлардың орындалуын күнделікті бақылауда ұстау қажеттігін баса айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Жұмысты жүйелі жүргізу қажет. Барлық мүмкіндіктер бар. Аудан, қала әкімдері белгіленген жоспарлардың орындалуын мұқият қадағалауы тиіс. Субсидияланған жұмыс орындарында еңбек тәртібі сақталсын. Жұмыс берушілердің де жауапкершілігіне назар аударыңыздар. Мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол берілмейді. Жұмыс алгоритмін жасап, нақты шешімдер ұсыныңыздар. Егер кемшіліктер анықталса, тиісті шаралар қолданылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шаралар жалғасын таба бермек. Өңір әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстай отырып, нақты нәтижеге қол жеткізуді көздейді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*