
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін, ұлттық болмысын танытатын басты белгілердің бірі. Қазақстан Республикасы үшін Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – елдігіміздің, бірлігіміздің, ұлт рухының мәңгілік көрінісі. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде елімізде жыл сайын кең көлемде атап өтіледі. Бұл мереке – халқымыздың патриоттық рухын көтеретін, елге деген сүйіспеншілік пен құрметті нығайтатын маңызды күн.
Осы атаулы күнге орай Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Балалар кітапханасының оқу залында «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік символы» атты ертеңгілік ұйымдастырылды. Іс-шараға жас оқырмандар, мектеп оқушылары, ұстаздар мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Ертеңгілік барысында балалар Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранның шығу тарихы, мағынасы және авторлары туралы мағлұматтармен танысты. Балалар мемлекеттік рәміздердің әрбір элементінің мәні мен мазмұнына терең бойлап, олардың әр азамат үшін қандай қастерлі екенін ұғынды. Бұл шара жас буынның бойында елге деген құрмет пен мақтаныш сезімін арттыра түсті.
Балалар патриоттық тақырыптағы өлеңдер оқып, әндер айтып, рәміздер туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Кішкентай оқырмандардың Туға қарап бой түзеп, Әнұранды орындау кезіндегі шынайы ықыластары олардың жүрегінде отансүйгіштік сезімнің ерте бастан қалыптасып жатқанын айғақтады.
Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар арқылы кітапхана тек білім мен ақпарат ордасы ғана емес, жас ұрпақтың бойына ұлттық сана, патриоттық тәрбие сіңіретін рухани орталыққа айналып отыр. Балалар кітапханасы – кітап арқылы баланың жан-дүниесіне жол тауып, оны ізгілікке, отансүйгіштікке тәрбиелейтін мекен.
Кітапхана қызметкерлері балалардың жас ерекшеліктеріне сай танымдық, тарихи-танымдық, патриоттық әдебиеттермен таныстырып, рәміздерге байланысты арнайы көрме ұйымдастырды. Оқырмандар сол көрмеден өздеріне қажетті мәліметтерді алып, Отан туралы кітаптарды қызыға парақтады.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әрбір азаматтың, әсіресе өскелең ұрпақтың басты парызы. Бұл бағытта кітапхананың рөлі орасан. Себебі кітапханалар балаларды тек оқуға ғана емес, елін сүюге, тарихты тануға, мемлекеттік нышандарды қадірлеуге тәрбиелейді.
Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің символы саналатын рәміздер – ұрпаққа аманат. Сол аманатты қастерлеуді балалық шақтан бастау – еліміздің жарқын болашағына салынған сенімді іргетас.
Пікір қалдыру