
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – балғын бүлдіршіндердің шаттық пен қуанышқа бөленетін ең жарқын мерекелерінің бірі. Осы атаулы күнге орай Түркістан қаласындағы «Аружан» балабақшасының «Гүлдер» тобында «Бақытты балалар – бақытты ел» атты мерекелік ертеңгілік болып өтті. Балалардың күлкісі мен шаттығына толы бұл күн оларға ұмытылмас әсер сыйлады.
Шараның басты мақсаты – балалардың өнерге, ойын арқылы ойлауға деген қызығушылығын арттыру, олардың бойындағы шығармашылық қабілеттерді ашу, сонымен қатар мерекелік көңіл күй сыйлау болды. Ертеңгілікті №10 кітапхана-филиалының қызметкері, кітапханашы Малдыбекова Фариза жылы лебізбен ашып, балаларды Халықаралық мерекемен құттықтады. Оның мейірімді сөзі балалардың жүзінен қуаныш пен ықылас сезімін оятты.
Мерекелік бағдарламада балдырғандар тақпақтарын мәнерлеп айтып, әсем әндер шырқап, көңілді билерін тарту етті. Түрлі ойындар ойнатылып, балалардың белсенділігі мен тапқырлығы ерекше көзге түсті. Шара барысында балалардың сүйікті ертегі кейіпкерлері де қонаққа келіп, мерекеге шаттық сыйлады. Олардың келуі балалардың қиялын шарықтатып, ерекше әсер қалдырды. Ертеңгілік соңында балғындарға сыйлықтар табысталып, олардың жүздері бал-бұл жайнады.
«Бақытты бала – бақытты қоғамның кепілі» деген ұлағатты сөз бар. Расында да, балалар – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Оларды қорғау, дұрыс тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен қоғам мүшесінің басты міндеті. Бала тәрбиесі балабақшадан, одан да бұрын – бесіктен басталады. Қазақ халқының «Тәрбие басы – бесік» деген терең мағынасы бар нақыл сөзі осыны айғақтайды. Баланың алғашқы мінезі, дүниетанымы, ойлау қабілеті, тіпті өнерге деген талпынысы да сол балабақша қабырғасынан қалыптасады.
«Аружан» балабақшасының тәрбиешілері бүлдіршіндердің бойына отансүйгіштік, мейірімділік, еңбекқорлық секілді ізгі қасиеттерді сіңіруге барынша күш салып келеді. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар балалардың жан-жақты дамуына, өзіне сенімді, елін сүйетін азамат болып өсуіне ықпал етеді.
Мерекелік ертеңгілік барысында әр баланың көзінен шынайы қуаныш пен балалық риясыздық аңғарылды. Бұл – еліміздің жарқын болашағына бағытталған игі бастамалардың жемісі. Балалардың жарқын күлкісі мен армандарын қолдау – қоғамның басты парызы. Өйткені, бүгінгі бала – ертеңгі Тәуелсіз елдің тірегі, тұтқасы.
Пікір қалдыру