
Түркістан облысында шетелдік және отандық капитал есебінен өндіріс саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Resource Invest» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды талқылау және нақты әріптестік тетіктерін белгілеу болды.
Облыс басшысы кездесу барысында өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын, әкімдік тарапынан қажетті инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Түркістан облысында инвестициялық ахуал жыл сайын жақсарып келеді. Басты мақсатымыз – өндірістік жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру және өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру. Жобаларыңызды бірге талдап, қажетті шешімдерді қабылдауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында «Resource Invest» компаниясының өкілдері Евгений Клюев пен Яшар Латыев, сондай-ақ осы компанияда қызмет ететін италиялық кәсіпкер Вессио Раффаэле металлургия саласына қатысты тың бастама ұсынды. Компания өкілдері Түркістан облысында металл кластерін қалыптастыру бойынша кешенді жобаны іске асыруға мүдделі екендерін жеткізді. Аталған жоба Түлкібас ауданында металлургия зауытын салуды көздейді.
2024–2032 жылдар аралығында жүзеге асырылатын бұл ауқымды жоба бойынша жылына 403,2 мың тонна өнім өндіру жоспарланған. Өнімнің едәуір бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, шетелге экспортқа шығарылады деп күтілуде. Сонымен қатар, өндіріс орнында 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл тек Түлкібас ауданы үшін ғана емес, жалпы Түркістан облысының еңбек нарығы үшін де маңызды көрсеткіш.
Кәсіпорынның қызметі тек шикізат өндірумен шектелмей, өңделген металл өнімдерін шығару, логистика мен жеткізу тізбегін ұйымдастыру, сондай-ақ өндірістік қуатты кластерге айналдыруды көздейді. Бұл жобаның жүзеге асуы өңірде қосымша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қалыптастыруға, сервистік қызмет түрлерін дамытуға және бюджет түсімдерін арттыруға ықпал етеді.
Облыс әкімі жобаның маңызды екенін атап өтіп, оның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жобаны нақтылау жұмыстары аяқталған соң, арнайы Жол картасы әзірленіп, онда кезең-кезеңімен іске асыру мерзімдері, жауапты мекемелер мен қаржыландыру көздері нақтыланбақ.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 19 индустриалды аймақ, арнайы экономикалық аймақтың 5 өндірістік субзонасы, сондай-ақ 50-ден астам белсенді кәсіпорын жұмыс істейді. Бұлар – облыстың өндірістік және логистикалық әлеуетін арттырып, шетелдік инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналуына ықпал етіп отыр. Облыста шетелдік инвестициялардың көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл – тиімді басқару, ашықтық және стратегиялық жоспарлаудың нәтижесі.
Металлургия зауыты жобасы іске асқан жағдайда, өңірде жаңа индустриялық кластердің негізі қаланып, еліміздің өндірістік картасында Түркістан облысының рөлі күшейе түспек. Сонымен қатар, бұл жоба шекаралас өңірлермен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға да оң әсер ететін болады.
Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы күн санап артып келеді. Өңір басшылығының белсенді саясаты мен ашық диалогқа дайын болуы, индустрияны дамытуға бағытталған нақты қадамдары шетелдік және отандық инвесторлар үшін тиімді мүмкіндік туғызып отыр. «Resource Invest» компаниясымен жасалатын ықтимал серіктестік осы бағыттағы тағы бір ірі қадам болмақ.
Пікір қалдыру