ЖЕТІСАЙДЫҢ ШАРУА АДАМДАРЫ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Әсіресе, ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен көгерген Жетісай ауданы бұл бағытта айрықша рөл атқарып келеді. Соңғы жылдары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен ауыл шаруашылығының бірқатар бағытына, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, терең өңдеу кәсіпорындарын ашуға және ет экспортын ұлғайтуға басымдық берілуде. Бұл міндеттерді орындауда Жетісай өңірінің шаруалары да белсенді еңбек етуде.

Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған «Малшылар күні» кәсіби мерекесі болды. Бұл мереке – төрт мезгіл тыным таппай, малдың жайын күйттейтін, тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасқан еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі. Жетісайлық малшылар да өзге аудан-қалалардың өкілдерімен бірге Сарыағаш қаласында өткен салтанатты жиынға қатысып, марапат төрінен көрінді.

Атап айтқанда, жетісайлық Хахаров Қошқар мен Жұманова Салтанат еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Бұл марапаттар – тек жеке азаматтардың еңбегінің ғана емес, жалпы Жетісайдың ауыл шаруашылығына қосқан өлшеусіз үлесінің де айғағы. Сонымен қатар, ауданның басқа да еңбек озаттары – Қайқыбай Айтжан, Шағалақов Құралбек, Әлібеков Оңғалбек министрдің Алғыс хатын иеленді.

Жетісай ауданы – дәстүрлі түрде егін және мал шаруашылығына маманданған өңір. Кеңес дәуірінен бері мақта өсірумен аты шыққан аудан қазір бұл бағытпен қатар мал шаруашылығын да дамытып келеді. Суармалы жерлер мен жайылымдық алқаптардың тиімді пайдаланылуы, үдемелі ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу – Жетісайдағы фермерлік шаруашылықтардың жаңа деңгейге көтерілуіне сеп болуда.

Аудан аумағында ірі қара, қой-ешкі, жылқы, түйе өсіретін бірқатар ірі шаруашылықтар жұмыс істейді. Жетісайда мал азығын дайындау, жайылымды тиімді игеру, асыл тұқымды мал басын көбейту секілді бағыттарда нақты нәтижелер бар. Ауыл шаруашылығы кооперативтері мен шаруа қожалықтары ет пен сүт өндірумен қатар, осы өнімдерді өңдеу, сақтау және нарыққа жеткізу ісіне де белсенді кіріскен.

Мәселен, облыс көлемінде бүгінде 1,2 млн бас ірі қара, 5,1 млн бас ұсақ мал, 504 мың жылқы және 44 мың түйе бар. Оның ішінде Жетісай ауданының да үлесі қомақты. Жетісайлық шаруалар жыл басынан бері ет және сүт өндірісінің көлемін арттырып, өңірлік көрсеткішке елеулі үлес қосып келеді. Атап айтқанда, облыста 62 мың тонна ет, 163 мың тонна сүт өндірілсе, бұл – малшылардың ерен еңбегінің нақты жемісі.

Мал шаруашылығын дамытуда еңбек етіп жүрген азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылып, олардың еңбегі еленді. Барлығы 65 азамат осындай құрметке ие болды. Бұл – қоғам тарапынан ауыл еңбеккерлеріне деген шынайы алғыстың белгісі.

Жетісай ауданында соңғы жылдары аграрлық саланы әртараптандыру жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Мал шаруашылығымен қатар, сүт өнімдерін қайта өңдейтін шағын зауыттар, ет комбинаттары ашылып, инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Жергілікті кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуда. Бұл өз кезегінде өнім көлемі мен сапасына оң әсерін тигізіп отыр.

Қорыта айтқанда, «Малшылар күні» – ауыл шаруашылығы саласына адал еңбек етіп жүрген жандарды марапаттау арқылы оларға жаңа серпін беретін, рухани маңызға ие айтулы мереке. Ал Жетісай ауданының мал шаруашылығындағы жетістіктері – аудан еңбеккерлерінің ерен еңбегі мен тынымсыз тіршілігінің айғағы. Аудан шаруалары бүгінгідей қолдауға сүйене отырып, болашақта да өңір экономикасына өз үлестерін қоса беретіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*