«МЕНІҢ АТА-АНАМ – ПОЛИЦЕЙ»: ТҮРКІСТАНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА АРНАП ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Түркістан облысында ішкі істер органдарының аса жауапты және қауіп-қатерге толы қызметінде жүрген тәртіп сақшыларының балалары өздерінің шығармашылығы арқылы ата-аналарына деген ризашылығын ерекше түрде жеткізді. Бұл жолы Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлерінің ұл-қыздары полиция департаментінде ұйымдастырылған «Менің ата-анам – полицей» атты шығармашылық шараға қатысып, өздерінің балалық жүрегіндегі мақтаныш пен құрмет сезімін бояу мен сурет арқылы бейнеледі.

Ата-аналарының жұмыс орнына арнайы шақырылған балалар таза ауада, ашық аспан астында асфальтқа түрлі-түсті борлармен сурет салып, өзара сынға түсті. Әрбір салынған сурет – балалардың полицей ата-анасына деген мақтанышының, оларды батыр әрі әділетті тұлға ретінде қабылдайтынының көрінісі болды. «Міндет, Ерлік, Абырой» деп ұрандатқан бүлдіршіндер бейбіт өмірдің қадірін түсініп, қоғам тыныштығын күзетіп жүрген әкелері мен аналарын батырлармен теңестірді.

Шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің бойында патриоттық сезім мен жауапкершілік ұғымын қалыптастыру, полиция қызметіне деген оң көзқарас пен құрметті арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау болды. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің балалары үшін бұл күн – тек шығармашылық жарыс емес, сондай-ақ ата-аналарының қызметіне терең үңіліп, олардың күнделікті өмірдегі ауыр әрі абыройлы миссиясын түсінуге мүмкіндік берді.

Балалардың қиялы мен бояуы үйлесім тапқан туындыларда бейбітшілік, тәртіп, заң, Отанға қызмет ету сынды биік ұғымдар көрініс тапты. Бірі полиция қызметкерінің ел алдындағы ерлігін бейнелесе, енді бірі балалық махаббатын «Мен әкемді мақтан тұтамын» деген жазумен білдірді. Кішкентай жүректерден шыққан үлкен шабыт пен шынайы сезім көрермендердің көңілін толқытты.

Шараның қорытынды бөлімінде Түркістан облысы Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Асқаров балаларға жылы лебізін білдіріп, олардың шығармашылығына жоғары баға берді.

«Сіздердің ата-аналарыңыз – қоғам қауіпсіздігі үшін күні-түні тыным таппай еңбек етіп жүрген ер азаматтар мен батыл аналар. Бүгін сіздер осы еңбекті бағалап, құрмет көрсетіп жатырсыздар. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш және мақтаныш. Ертең сіздер де елге қызмет ететін үлкен азамат боласыздар. Осындай өнегелі, тәрбиелі шаралар сіздердің бойларыңызда патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады», – деді полковник.

Жеңімпаздар мен ерекше көзге түскен балаларға Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының арнайы Грамоталары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. Сонымен қатар барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен балмұздақтар таратылып, күннің шат-шадыман мерекелік атмосферасы қалыптасты.

Іс-шара соңында балалар полиция қызметкерлерімен естелік суретке түсіп, техника мен арнайы жабдықтармен танысып, көптеген сұрақтарына жауап алды. Бұл олардың полиция жұмысына қызығушылығын арттырып, болашақта осы салаға деген қызығушылығын оятты.

Осылайша, балалық таза жүректен шыққан суреттер мен шынайы ықылас Түркістан облысы Полиция департаментінің ауласын шуаққа бөлеп, қызметкерлер мен қонақтардың көңілінде жылы естелік қалдырды. Бұл – тек балалар мерекесі емес, сонымен қатар полиция қызметкерлері үшін де рухани демалыс, шабыт сыйлаған ерекше күн болды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*