
Сарыағаш ауданында қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын сақтау жолында бірнеше буын өкілі қатар еңбек етіп келе жатқан бірегей отбасы бар. Бұл — Құлбаевтар әулеті. Ішкі істер саласында қызмет ету бұл әулет үшін жай мамандық емес, атадан балаға жалғасқан өмірлік мұратқа айналған. Құлбаевтар отбасы — адал қызмет пен берік отбасылық құндылықтардың, шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.
Отбасының негізін қалаған – ішкі істер саласының ардагері, полиция капитаны Нұркен Құлбаев. Ол 25 жылдан астам уақыт бойы құқық қорғау органдарында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін Сарыағаш өңірінің қауіпсіздігі үшін тынбай тер төкті. Қызмет бабында жинаған мол тәжірибесі мен адамгершілік ұстанымдары бүгінде ұрпақтарының өмірлік бағытына айналған.
Нұркен Құлбаевтың ізін қуған ұлдары — Нұрсұлтан мен Нұрқанат та бүгінгі таңда ел тыныштығы мен заң үстемдігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Нұрсұлтан Құлбаев — Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде анықтаушы болып қызмет етеді, шені — полиция майоры. Оның жұбайы Меруерт Арыстанбекова да құқық қорғау саласының қызметкері, Екінші арнайы бөлімде инспектор. Ал екінші ұлы Нұрқанат Құлбаев — Кентау қалалық полиция басқармасында ювеналды полиция тобының инспекторы. Оның зайыбы Балнұр Төлегенқызы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бөлімде қызмет атқарады.
Яғни, бұл әулет тек ер азаматтармен ғана емес, олардың жұбайларымен бірге толық құрамда құқық қорғау органдарына адал қызмет етіп келеді. Құлбаевтардың бұл бірлігі мен ортақ миссияға деген ұстанымы — шынайы жанқиярлық пен отансүйгіштіктің дәлелі.
Ардагер Нұркен Құлбаев отбасындағы бұл дәстүрге ерекше мақтанышпен қарайды:
– Біздің шаңырақта полиция қызметі — тек мамандық емес, бұл — ел алдындағы парыз, жауапкершілік пен адалдықтың көрінісі. Балаларым мен келіндерімнің де менің жолымды қуып, халқымыздың тыныштығы үшін қызмет етуі мен үшін үлкен қуаныш. Бұл дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, еліміздің игілігіне қызмет ете беретініне сенемін, – дейді ардагер.
Құлбаевтар отбасы — ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі ғана емес, қоғамдағы заң мен тәртіптің, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің нақты тірегі. Олар күнделікті қызметтерінде тек кәсіби міндеттерін орындап қана қоймай, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде, Отанға адал болудың үлгісін көрсетуде.
Осындай отбасылардың арқасында еліміздің құқық қорғау жүйесі нығайып, қоғамда заң мен әділеттің үстемдігі сақталып келеді. Құлбаевтар отбасының ұстанымы — «елге адал қызмет ету – ұрпаққа қалатын ең асыл мұра».
Пікір қалдыру