ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТАҒЫ ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖЕДЕЛ КЕҢЕС ӨТТІ

Түркістан облысы Полиция департаментінде 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға департамент басшылығы, қала және аудандық полиция бөлімшелерінің басшылары қатысты. Кеңесте 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыстардың қорытындылары қаралып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған «Профилактика жылы» және «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша негізгі бағыттар сараланды. Жиынды ашқан Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың кеңейтілген алқа мәжілісінде айтқан тапсырмаларын жеке құрамға жеткізді. Ол полиция қызметінің басты міндеті — азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және халықпен тиімді, ашық диалог орнату екенін баса айтты. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметінің нәтижелілігі қоғамның полицияға деген сенімімен өлшенетінін атап өтті.

Жиын барысында Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел жағдай бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірде жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 5,9%-ға төмендеген. Сонымен қатар ауыр дене жарақаттары 4%-ға, тонау деректері 11,8%-ға, барлық санаттағы ұрлықтар 34,5%-ға азайса, оның ішінде пәтер ұрлығы 30,9%-ға, мал ұрлығы 32%-ға төмендеген. Есірткі қылмыстарына қарсы бағытталған іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 260 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленіп, екі бірдей жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен көшелерде, сондай-ақ кәмелетке толмағандар, мас күйінде және бұрын сотталғандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар айтарлықтай азайған.

Мәжіліс барысында оң нәтижелермен қатар, кейбір бөлімшелердегі жұмыстағы кемшіліктер де талқыланып, нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, патрульдік полиция бекеттерінің тиімділігін арттыру, шалғай аудандарда құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту, киберқылмыстармен күресті күшейту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері қозғалды. Бұл бағытта мобильді құқықтық топтардың жұмысын жетілдіру, профилактикалық шараларды күшейту, халықпен тікелей байланыс орнату және сервистік үлгі негізінде қызмет көрсету шаралары қолға алынатыны айтылды.

Жиын қорытындысында департамент бастығы Мұрат Қабденов құқықтық тәртіпті нығайту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Заң мен Тәртіп» идеясын насихаттау, кадр әлеуетін дамыту, цифрландыру үдерісін жеделдету және сервистік модельді енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту, кәсіби біліктілікті арттыру міндеттері де күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін атап өтті.

Полиция қызметі күн сайын халықпен бетпе-бет жұмыс жүргізуді талап ететін сала. Сондықтан тәртіп сақшыларына қойылар талап та жоғары. Түркістан облысы Полиция департаменті қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында өз қызметін жүйелі түрде атқаруда. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тіркелген оң көрсеткіштер мен нақты нәтижелер – ұжымдық жауапкершілік пен кәсіби ынтымақтастықтың көрінісі. Алдағы уақытта да заң үстемдігін орнату мен қоғам сенімін арттыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*